Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл күнді 60 жыл күттім": 86 жастағы қария алғашқы махаббатымен отау құрды (фото, видео)

Опубликовано:

Қытайлық ерлі-зайыпты
Қытайлық ерлі-зайыпты. Фото: scmp.com

Қытайда 86 жастағы қария студент кезіндегі алғашқы махаббатымен қосылды. Ондаған жыл өткен соң ерлі-зайыпты салтанатты үйлену тойын өткізді.

Басылым ақпараты бойынша, қытайлық ерлі-зайыпты Бейжің университетінде оқыған кезде романтикалық қарым-қатынаста болған. Алайда жолдары тоғыспаған.

Үйлену тойы көпшіліктің қызығушылығын тудырды, қытайлық желі қолданушылары қарт ерлі-зайыптыға шын жүректен бақыт тіледі.

"Бұл – нағыз махаббат. Жасына қарамастан ол тыныш қана ғашығымен қосыла салмай, қалыңдығын лайықты түрде қарсы алуға тырысқан. Қазіргі таңда көптеген үйленуге бел буғандар мұндай орасан күш салуға дайын емес", "Мұндай жасында өмірлік мақсатына қол жеткізу – ерлік. Бақыт тілеймін", "Олар бір дәуірді басынан өткерген – шынайы бақытқа кенелу деген осы шығар", - деп жазды желі қолданушылары.

Ер адамның есімі – Чжоу Гуйлин. Ол – Қытай орталығында орналасқан Хунан провинциясындағы Иян қаласының тұрғыны. Басылым мәліметіне сәйкес, оның үйлену тойы 14 сәуірде өткен.

Ерлі-зайыптының үйлену тойы жайлы ақпарат қытайлық әлеуметтік желіде тез тарады.

Чжоу Гуйлин Қытайдағы ең беделді университеттердің бірі Бейжің университетінде заң факультетін тәмамдаған.

Қытайлық ерлі-зайыптының үйлену тойы
Қытайлық ерлі-зайыптының үйлену тойы. Фото: scmp.com

Кейін ол туған қаласында Гаопин орта мектебін құрып, оның алғашқы директоры қызметін атқарған. Чжоудың 81 жастағы әйелі Ян Сюгуй де Бейжің университетін бітірген.

Ян Сюгуй
Ян Сюгуй. Фото: scmp.com

Гаопин орта мектебінің мұғалімдері BaiLu Video басылымына берген сұхбатында Чжоу мен Ян айырылысқаннан кейін әрқайсы бөлек отбасын құрғанын айтты.

Басылым жазуынша, қытайлық ерлі-зайыпты жұбайлары өмірден өткенде ғана қосылған.

Ерлі-зайыпты қайта қауышқаннан кейін қайғыларын бірге еңсерген. Осылайша олар үйлену тойын ұйымдастырып, шаңырақ құруға бел буыпты.

Желіде тараған фотоға қарағанда ерлі-зайыптының тойы дәстүрлі түрде салтанатты іс-шара өткізілгенін көруге болады.

"Мәңгіге қоштасқан қарлығаштардай бір-бірімізге деген сағынышымызды сипаттау үшін кітап жетпес еді. Бұл күнді 60 жыл күттім. Үміт оты жанған ғасыр, ал бүгінде қызыл шамдардың астында алғашқы махаббатымызды құжатқа енгізіп, қайта қосыламыз", - деп жазады South China Morning Post басылымы Чжоудың сөзін.

Ерлі-зайыптының айтуынша, тойда тек жақын достары мен туыстары үшін үш дастархан жайылып, дәстүрлі қытайлық стандарттар бойынша қонақтарды шағын қабылдау іс-шарасы өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2094668-bul-kundi-60-zhyl-kuttim-86-zhastagy-qariia-algashqy-mahabbatymen-otau-qurdy/

pixel