Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтың барар жер, басар тауы қалмас еді": қазақ даласын қанға бояған Аңырақай шайқасы туралы деректер

Жарияланған күні:

Аңырақай шайқасы
"Аңырақай" шайқасы бейнеленген картина. Көрнекі сурет: bilim-all.kz

Аңырақай шайқасы қазақ-жоңғар соғысындағы шешуші оқиға ретінде тарих беттеріне жазылды. Елді азат ету үшін жан алысып, жан беріскен бұл шайқаста қазақ хандығы жеңіске жетті. "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" сынды тым ауыр оқиғалардан кейін жауға тойтарыс берудің жалғыз жолы бірігу арқылы әрекет ету болатын. Бірліктің нәтижесінде қазақ халқы ең күшті қарсыласын жеңіп, елдігін сақтап қалды.

Аңырақай шайқасы туралы деректер

Аңырақай шайқасы қай жылдары болды? "Қазақ көтерілістері" энциклопедиясында берілген мәліметке сүйенсек, Аңырақай шайқасы (1729 жылдың мамыр-маусымы, кейбір деректерде 1730 жыл делінеді) – біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетюұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Болат ханның бастауымен Үш Жүз хандары –Жолбарыс, Сəмеке, Əбілқайыр, Төле, Қазыбек, Ақсуат билер, сұлтандар мен батырлар қатысқан 1726 жылғы Ордабасы жиынында бүкіл қазақ қолының бірігуі жауға қарсы бірыңғай стратегиялық шабуылға шығуға мүмкіндік туғызды. Бас қолбасшы ретінде Əбілқайыр хан сайланды. Саяси жəне əскери бірлікке қол жеткізген Үш Жүз жасақтары 1728 жылдан бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа əзірлене бастады. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы Сыбан Раптан өліп, оның ұлы Қалдан Серен (Цэрен) 1727 жылы билікке келген еді.

1723 жылдан бастап қазақ даласының шығысы мен Жетісу өңірін, Оңтүстігі мен Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірлерді басып алған жоңғарлар енді қазақ жерін тұтастай иеленуге ниеттенген еді. Қазақтардың əрекетін сезген жоңғарлар Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш Жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Əбілқайыр тауы аталды) жиналды. Бұл таулардың бауырында "Үлкен Орда қонған", "Кіші Орда қонған" деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқастың солтүстік Балқаш, оңтүстік Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы бедерлі жерлерде өткеніне бұл өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дəлел.

"Қазақ көтерілістері" энциклопедиясындағы деректерді негізге алсақ, бұл қорымдар КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия карталарында көрсетілген. Аңырақай аталатын да осы өңір. Шамамен көктемде басталып, жаз айларына ұласқан майданда біртіндеп басым түсе бастаған қазақтар Итішпестің Алакөлі (Балқаштың шығысындағы Алакөл емес) маңында ірі жеңіске жеткен. Балқаштан оңтүстікке қарай 120 км жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Көлдің ұзындығы – 10-12 км, ені – 2 км. Оның қасындағы шайқас өткен соғыс алаңының ұзындығы – 30-35 км, ені – 20 км.

  • Аңырақай шайқасы қанша күнге созылды? Аңырақай шайқасы 40-45 күнге созылды.
  • Қанша адам қаза тапты? Адам шығыны: қазақтардың жасағынан 8 мың жауынгер қаза тапты, жоңғарлардан 28 мың жауынгер шығын болды.

Аңырақай шайқасына қанша адам қатысты?

Аңырақай шайқасына 30-35 мың қазақ, 35-40 мың жоңғар əскері қатысты деген болжам бар. Орыс барлаушыларының деректеріне қарағанда 1723-1725 жылдары қырғынға көп ұшырап, жері жау қолында қалған Ұлы жүз 10 мың жасақ шығарған. Орта жүз жауынгерлерінің саны 15 мыңдай болған. Адамдары көбірек сақталған Кіші жүз жер шалғайлығынан 10-15 мыңдай əскермен келді деп топшылауға болады.

Шайқас көрінісі
Жауынгерлер шайқасы. Көрнекі сурет: baribar.kz

Аңырақай шайқасына қазақ батырларынан кімдер қатысты?

Үш Жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Əбілқайыр жүзеге асырды. Аңырақай шайқасында алғашқыда позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым еді. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған əр түрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Қазақтар бұл кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тəсілдерін меңгергендігін байқатты. Көптеген қазақ батыры соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті.

Қазақ батырлары Аңырақай шайқасында қандай ұрыс әдіс-тәсілдерін қолданды? Қазақ жауынгерлері Аңырақай шайқасында "Ай қораланды", "Құйрық жеу", "Ашамай" және басқа да қазақтың байырғы ұрыс тəсілдерін кеңінен қолданды.

Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, бұл қолдың құрамындағы Дулат тайпасының əр руының қолын: сиқым Қарабатыр (Төлебидің күйеу баласы), жаныс Өтеген, ботбай Сəмен, шымыр Қойгелді, ошақтыларды Саңырық, ыстыны – Төлек, шапыраштыны – Қазыбек бек, албандарды Хангелді батырлар бастады. Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жəнібек, керей Жəнібек, қыпшақ Тілеулі, қаракерей Қабанбай, абақ керей Жауғашар (Шақантай), Кіші жүз қолын тама Есет, шекті Тайлақ сынды батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті.

Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Кейбір деректерде болашақ ұлы хан шамамен 17-20 жасар Əбілмансұрдың (Абылайдың) жауға "Абылайлап" шапқаны осы шайқас деп көрсетіледі, сіргелі Елшібек батырдың өз тобымен жау зеңбіректерін жарып жібергендігі айтылады. Шайқасқа болашақ қолбасы шапырашты Наурызбай да қатысқан.

Мұхтар Мағауин: "Егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ ордасы осыдан үш жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып біткен Ноғай Ордасының кебін киері анық. Тоқтау көрмеген Жоңғар қалмағы енді бірер серпінгенде Еділ қалмағымен тоғысар еді. Сарыарқадан айырылған соң қазақтың барар жер, басар тауы қалмас еді".

Аңырақай шайқасында жекпе-жекке шыққан батырлар кімдер?

Аңырақай шайқасында білекті батырлар жекпе-жекке шықты. Қанжығалы Бөгенбайдың Қалдан Сереннің інісі, қолбасы Шономен жекпе-жекке шығып, бірін-бірі жеңе алмағандығы айтылады. Шапырашты Бөлек батыр жекпе-жекте қалмақ Аңырақайды, шымыр Ақша батыр қалмақ Дəржіні (Дəржі атты жер бар) өлтірді. Бұл соғыста көптеген атақты батырлар – шымыр Ақша, күнту Барлыбай, сиқым Қарабатыр сынды батырлар шейіт болды.

Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан əрі соғыса алмай, Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Бірақ қазақтар бұл жеңісті одан əрі дамыта алмады. Оған шайқастың соңғы жағында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді. Болат ханның інісі Сəмеке (Шахмұхамед) ұлы хандыққа сайланбады. Көпшілік Болат ханның баласы жас Əбілмəмбетті қолдады. Бұған наразы болған Əбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Бұл жеңіс көрші елдерге қазақ хандығының қуатты ел екенін көрсетіп, Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертті.

Қазақ халқы үшін Аңырақай шайқасының маңызы орыстардың Бородино даласындағы, Еуропаның біріккен қолының Ватерлоо шайқасы, КСРО халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жеңістерімен бірдей. Аңырақай жеңісі тəуелсіздікті аңсаған қазақ елінің тұтастығын сақтап қала алатынын айқын дəлелдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2130519-qazaqtyng-barar-zher-basar-tauy-qalmas-edi-qazaq-dalasyn-qanga-boiagan-angyraqai-shaiqasy-turaly-derekter/