Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Таһажуд намазы деген не және оның мәні қандай

Жарияланған күні:

Мешіт шамдары
Мешіт мұнаралары мен жанып тұрған шамдар. Көрнекі сурет: pixabay.com

Таһажуд намазы – ислам дініндегі нәпіл намаздардың бірі. Ол түннің бір бөлігінде, таң намазының алдында орындалатын құлшылық. Мұсылмандар үшін таһажуд – Жаратушыға жақын болу, күнделікті тірліктің күйбеңінен аз уақыт болса да шығып, тек рухани дүниеге назар аудару үшін жасалатын құлшылық түрі. Мақаламызда Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының сайтын негізге ала отырып, бұл намаз туралы мәлімет ұсындық.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Таһажуд намазы - Ислам дініндегі нәпіл намаздардың бірі, түннің екінші бөлігінде орындалатын құлшылық түрі.
  • Бұл намаздың негізгі мәні - Алла Тағалаға жақындау, оның рақымына бөленіп, күнәлардан тазару және рухани тазалықты арттыру.
  • Құран мен хадистерде таһажуд намазының маңыздылығы көп айтылған, ал Ханафи мәзһабы бойынша бұл намаздың ең азы 2 ракағат, көбі 8 ракағат етіп оқылады.

Таһажуд намазы: мәні мен маңызы

Намаз – кәмелетке толған барша мұсылман ер мен әйелге парыз етілген. Сонымен қатар ислам дінінде орындалуы міндет болмаған намаздар да бар. Оларды шариғи тілмен нәпіл намаздары деп атайды. Бұл намаздарды оқыған адам көп сауапқа кенелсе, орындамағанға күнә жазылмайды. Дегенмен нәпіл намаздардың да өзіндік деңгейлері мен ерекшеліктері бар. Соның бірі – таһажуд намазы.

muftyat.kz сайты ұсынған мәліметті негізге алсақ, таһажуд сөзінің тілдік мағынасы мынадай: "Һуджуд" сөзі ұйқы деген мағына береді. Ал таһажуд сөзі араб терминологиясы бойынша "ұйқыдан тұру, ояну" немесе "ұйқыны бұзу" деген мағыналарды берсе, шариғаттағы мағынасы құптан намазынан кейін ұйықтап, түннің үштен екінші бөлігінде тұрып намаз оқу дегенді білдіреді.

Таһажуд намазын оқудың көптеген артықшылығы мен рухани мәні бар, сондықтан исламда оны орындаудың маңызы ерекше саналады. Бұл намаздың негізгі мәні – Алла Тағалаға жақындау, оның рақымына бөленіп, күнәлардан тазару. Бұл құлшылық мұсылманның рухани тазалығын арттыруға, жаны мен жүрегін тыныштыққа бөлеуге көмектеседі. Таһажуд намазының көптеген рухани артықшылығы бар:

  • Аллаға жақын болу – бұл намазды оқыған мұсылман Алла Тағалаға жақындай түседі. Жаратушыға арнайы уақыт бөліп, дұға ету арқылы мұсылманның рухани деңгейі көтеріледі.
  • Күнәлардың кешірілуі – түнде жасалған құлшылық, әсіресе, таһажуд намазы жасаған күнәларды кешіруге септігін тигізеді деп сенеді мұсылмандар. Таһажуд уақытында жасалған дұға мен истиғфар (кешірім сұрау) қабыл болады деп есептеледі.
  • Рухани тазалық пен сабыр таһажуд намазының тағы бір ерекшелігі болса керек. Бұл намаз адамға сабыр, тыныштық сыйлап, жүрекке сенім ұялатады. Күнделікті тіршіліктің күйзелісі мен уайымынан азат болу үшін бұл құлшылықтың әсері зор.
  • Арнайы дұғалардың қабыл болуы – ислам дәстүрінде таһажуд уақытында жасалған дұғаларға ерекше мән беріледі. Бұл сәт Жаратушыға жақын болатын уақыт саналады, сондықтан мұсылмандар жүректен шыққан тілектерін айтып, дұға етеді.
Құран кітабы
Құран Кәрім кітабы және жайнамаз бен майшам. Көрнекі сурет: pixabay.com

Таһажуд намазы туралы Құран мен хадистерде не айтылған?

Таһажуд намазының артықшылығы туралы Құранда да, Пайғамбардың хадистерінде де көп айтылады. Құранның "Исра" сүресінің 79-аятында: "(Мұхаммед Ғ.С.) Түннен оянып (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі", - деп ескертілген. Бұл аят түнгі намаздың рухани маңыздылығын көрсетеді.

Бұл құлшылықтың маңыздылығы туралы Құран Кәрімде көп­теген аят бар. Мысалы "Қаф" сүресінің 40-аятында былай делінген:

"Түннің бір бөлімінде және намаздардан кейін Оны дәріпте".

Ал "Тур" сүресінің 49-аятында:

"Түннің бір бөлімінде және жұлдыздар батар кезде де дәріпте", - делінген.

"Музәммил" сүресінің, 1-6 аяттарында да түнгі намаздың құндылығы ескертіледі.

"Әй, бүркеніп жатушы (Мұхаммед)! Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос. (Түннің жартысында не одан аз, я көп тұруда еріктісің.) Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы. Әрине саған салмақты (маңызды) Құранды түсіреміз. Шын мәнінде түнде тұру, нәпсіге әсерлі, оқуға қолайлы…"

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) таһажуд намазын тұрақты түрде орындаған және оны үмметіне насихат еткен. Бұған мына хадисті мысал етуге болады:

"Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілер үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз – Жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады."

"Ханафи мәзһабында егер түнді үш бөлікке бөлсек, соның бірінші бөлігімен үшінші бөлігінде ұйықтап, екінші бөлігінде тұрып намаз оқудың абзал екендігін алға тартады". (Ибн Абидин, 2/468).

Таһажуд намазы қалай оқылады?

"Тәтті ұйқыдан абзал намаз" мақаласында таһажуд намазын қанша ракағат етіп оқу керегі жазылған:

Ханафи мәзһабы бойынша таһажуд намазының ең азы 2 ракағат, көбі 8 ракағат етіп оқылады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 11 ракағат етіп оқығаны айтылған, яғни оның 8 ракағаты таһажуд, 3 ракағаты үтір уәжіп намазы.

Таһажуд намазын оқу міндет емес, мұстахаб амал болып есептеледі, яғни қосымша ғибадат, нәпіл намазға жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2182418-tahazhud-namaz-degen-ne-zhane-onyng-mani-qandai/