Еліміздегі ең үздік қымыз қай өңірде екені анықталды
Опубликовано:
Астанада "BaiQymyz – бапталған қымыз" гастрофестивалі мәресіне жетіп, "Ең үздік қымыз" байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды елорда әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Әкімдіктің мәліметінше, қазақтың ұлттық сусыны – қымызға арналған ел тарихындағы алғашқы әрі ауқымды мәдени шараға екі күнде 70 мыңнан астам қонақ келген.
Фестивальдің ең маңызды сәттерінің бірі еліміздің түкпір-түкпірінен келген қымыз өндірушілер арасында өткен "Ең үздік қымыз" байқауы болған.
Жеңімпаздар фестиваль қонақтарының дауыс беруі арқылы анықталып, қомақты қаржылай сыйақыға ие болған.
"Ең үздік қымыз" байқауының жеңімпаздары:
- І орынды Абай облысы Саржал ауылындағы шаруа қожалығы иеленген. Жеңімпазға 20 млн теңге сыйақы берілген;
- ІІ орынды Қарағанды облысындағы шаруа қожалығы иеленген (Қарқаралы қымызы). Жеңімпазға берілген сыйақы – 15 млн теңге;
- ІІІ орын – Ақмола облысындағы шаруа қожалығына бұйырған (Қымызнай қымызы). Сыйақы – 10 млн теңге.
Сондай-ақ фестиваль аясында алғаш рет "Ер Қанаты" атты жылқы көрмесі өткен. Бұл көрмені 3 000-нан астам адам тамашалаған.
Айта кетейік, бұған дейін танымал этнограф, BaiQymyz фестивалінің ұйымдастырушысы Әйгерім Мұсағажинова мұндай шара арқылы қымызды жаңа деңгейге көтергілергі келетінін айтқан еді.
Жобаның басты мақсаты – отандық қымыз өндірушілеріне қолдау көрсету, қазақтың дәстүрлі сусынын қазіргі адамдардың дастарханына қайта оралту және оның пайдалы қасиеттері туралы кең аудиторияға жеткізу.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2267286-elimizdegi-eng-uzdik-qymyz-qai-ongirde-ekeni-anyqtaldy/