Бос уақыт

Зектілері

Желісімен елітіп әкететін қазақ тіліндегі қысқа шығармалар топтамасы

Жарияланған күні:

Үстел үстіндегі бірнеше кітап. Көрнекі сурет
Үстел үстіндегі бірнеше кітап. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақ әдебиеті мазмұны терең әрі желісімен елітіп әкететін әңгіме, повестерге бай әдебиет. Ендеше, оқырман назарына сюжеті тартымды, көңіліңізді бірден елітіп әкететін қазақ тіліндегі шығармалар топтамасын ұсынамыз.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Мақалада қазақ әдебиетіндегі қысқа, бірақ мазмұны терең және оқырманды елітіп әкететін бірқатар танымал шығармалар туралы айтылады.
  • Мұхтар Әуезовтің "Қорғансыздың күні" мен "Жетім", Бейімбет Майлиннің "Күлпаш", Сәкен Сейфуллиннің "Бандыны қуған Хамит" және Ғабит Мүсіреповтің "Ақлима" әңгімелері талданады.
  • Бұл шығармалардың әрқайсысы қазақ қоғамындағы әлеуметтік мәселелерді, адамдардың қиын тағдырларын және сол кезеңдегі өмірдің қатал шындығын көрсетеді.

Қазақ классиктерінің таңдаулы шығармалары

Қазақ әдебиетінде мазмұны терең, оқырманға берері мол әрі оқиғалар желісімен адамның көңілін бірден елітіп әкететін шығармалар көп. Солардың бірегейі М. Әуезовтің әңгімелері деп айтсақ артық айтқанымыз емес. Төменде кемеңгер жазушының шытырман оқиғалы бірнеше әңгімелеріне тоқталатын боламыз.

"Қорғансыздың күні" - Мұхтар Әуезов

"Қорғансыздың күні" 1921 жылы "Қызыл Қазақстан" журналында жарияланған, жазушының тырнақ алды туындыларының бірі. Қаламгер бұл туындысын "Арғын" бүркеншік есімімен жарыққа шығарған. Кейін бұл шығарма М. Әуезовтің "Қорғансыздың күні" атты жеке кітабының басылып шығуына арқау болған. Деректерге сәйкес, жазушы бұл туындыда өзінің қилы тағдырын суреттеген деген болжам бар.

Шығармада сол замандағы қазақ ауылдарындағы кедей-кепшіктердің қорғансыз күні, әділетсіздік, байлардың адамдықтан ада әрекеттері мен қатыгездігі, жас бойжеткеннің жантүршігерлік азабы мен қилы тағдыры суреттеледі. Әңгіменің басында-ақ оқырманды басты кейіпкердің өмірі мен тағдырына деген алаңдаушылық, үрей мен қорқыныш сезімі басып алады.

Әңгімеге әкеден ерте айырылған, анасы соқыр, әжесі кәрі, жас Ғазиза есімді қыздың тағдыры арқау болады. Ол Ақан атты ауыл болысынан зорлық көріп, тағдыры тас-талқан болады. Өрімдей қыздың өміріне балта шабылғанын көрген оқырман, әңгімені бір деммен, соңына дейін қайғыра отырып оқиды.

Соңында жауыздықтың құрбаны болған Ғазиза, әкесінің зиратына барып, үсіп өледі. Әңгіме басынан бастап оқырман назарын бірден жаулап алатындықтан, аталған шығарманы желісімен елітіп әкететін, көлемі бойынша қатты ұзақ емес, қазақ тіліндегі шығармаға жатқызуға толық негіз бар.

Мұқабасы көнерген кітап. Көрнекі сурет
Мұқабасы көнерген кітап. Көрнекі сурет: pixabay.com

"Жетім" - Мұхтар Әуезов

М. Әуезовтің тылсым оқиғаға толы тағы бір әңгімесі әйгілі - "Жетім" шығармасы. Бұғанасы қатпай тұрып, жетімдіктің ащы дәмін тартқан Қасымның тағдыры мен азапты өмірі қай оқырманды болса да бей-жай қалдырмайды. Азғантай ғана әңгімеге жетімдіктің бар тауқыметін, аға-жеңге мен туыстың қатыгездігін, он жасар баланың шарасыздығын сыйдырған шебер жазушы, әңгіменің бастапқы жолдарымен-ақ оқырманды баурап алады.

Қасымның ауыр тағдыры суреттелген туынды, әсіресе, жетім баланың жапан далаға қашып, түнде дала кезіп кетуі - шығарманың шарықтау шегі болып табылады. Осы тұста, классик жазушы оқырманды даланың шытырман күйі, тылсым күшімен үрейді, қорқынышты сездіреді. Әңгімені дәл осы қыры үшін де, оны оқиғалар желісімен көзі қарақты оқырман қауымын бірден жаулап алатын шығармалар қатарына жатқызамыз.

"Күлпаш" - Бейімбет Майлин

Қазақ әдебиетінің классигі, үш бәйтерігінің бірі - Бейімбет Майлиннің "Күлпаш" әңгімесін де қысқа да нұсқа, алайда оқырманды елітіп әкететін шығармалар қатарына жатқызуға болады. Ашаршылықтың құрбаны болған кедей Күлпаш күйеуі мен баласын тастап, бай Жұмағазыға тұрмысқа шығуға мәжбүр болады. Сондағы бар ойы - құдай қосқан қосағы Мақтым мен баласы Қалиды аман алып қалу еді.

Алайда, қу аштық оның жан дегенде жақын жандарын аямады. Әпкесінің нұсқауымен байдың үйіне барып, әйелі болған ол, жиырма күн дегенде баласы мен сүйген жарының шаңырағына бас сұғады. Десе де, олардың өлі денелерінің үстінен түседі.

Қазақ әйелдерінің шарасыз күйі мен қилы тағдырын суреттеген қаламгер, әңгіменің соңына дейін оқырманды бір демде ұстап отырады. Көлемі тұрғысынан көптеу болғанымен, мазмұны жағынан аталған шығарманы оқиғалар желісі шытырман туындыға жатқыза аламыз.

"Бандыны қуған Хамит" - Cәкен Сейфуллин

Қазақ әдебиетінің үш бәйтерегінің бірі - Cәкен Сейфуллиннің "Бандыны қуған Хамит" әңгіме-повесін де мазмұны терең, көлемі тұрғысынан шағын шығармалар қатарына жатқыза аламыз. Қазақ сарбазының ақтар мен қызылдар арасындағы шайқасын суреттейтін шығарманы бір деммен, бар-жоғы бір сағаттан кем уақытта оқып бітіруге болады.

Сәкен Сейфуллиннің маңдайалды шығармаларының бірі, оның негізінде кино түсіруге де себеп болған. Хамиттің ақтардың тұзағына түсіп, алайда соңында олардан сытылып шығуы - әңгімені қызықты әрі шытырман оқиғаға толы ете түседі.

"Ақлима" - Ғабит Мүсірепов

Жазушы Ғабит Мүсіреповтің "Ақлима" әңгімесін де диалог негізінде құрылған, қысқа, алайда соңына дейін құпияға толы әңгіме қатарына жатқыза аламыз. Сұм соғыс жылдары жалғыз ұлынан айырылған Ақлима, кенеттен майданнан Сапар атты сарбаздан хат алады. Сапардың анасы екі жыл бұрын қайтыс болғандықтан, Ақлима оны жатсынбай, өз баласындай қабылдауды жөн көреді.

Баласының анасына жазған хаты мазмұнында жазылған шығарма, екінші дүниежүзілік соғыстың анасын баласынан, баласын анасынан айырған қатыгездігін, Сапардың майданда көрген қиын тағдыры мен ананың балаға деген шексіз махаббатын бейнелейді. Оқиға желісімен соңына дейін оқуға мәжбүрлейтін әңгіме - Ғабит Мүсіреповтің қазақ әйелдерінің тағдырына арналған ерекше шығармаларының бірі.

Қазақ әдебиеті тарихында оқиғалар желісімен елітіп әкететін, көлемі аз шығармалар жетерлік. Бүгінгі материалда біз олардың ішіндегі ең танымал туындыларына ғана тоқталып өттік. Көргеніміздей, көптеген классик жазушы көлемі қысқа ғана туындымен, сол кездегі бар қиындықты, адамдардың қилы тағдырын көрсете білген. Аталған шығармалардың барлығы - ғасырлар бойы қазақ әдебиетінің жауһары болып қала бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/leisure/books/2200896-zhelisimen-elitip-aketetin-qazaq-tilindegi-qysqa-shygarmalar-toptamasy/