Бос уақыт

Зектілері

Жаңажылдық лебіз: әріптестеріңізді қалай ерекше құттықтауға болады

Жарияланған күні:

Шырша ойыншығы. Көрнекі сурет
Шырша ойыншығы. Көрнекі сурет: pixabay.com

Жаңа жыл қарсаңында әріптестеріңізді құттықтау оларға деген ерекше құрметіңізді көрсетеді. Жүректен шыққан жылы лебіз адамдардың арасын жақындатады. Ұжымдағы қызметкерлерді құттықтау үшін біз ұсынған тілектер кәдеңізге жарайды деген сенімдеміз.

Әріптестерге арналған әдемі құттықтаулар

Тілектер мен құттықтаулар жазылған WishesMsg сайты жаңа жыл әріптестеріңізді құттықтауға және ұжымдағы адамдармен байланысыңызды нығайтуға тамаша уақыт деп жазады. Бір ұжымда жұмыс істейтін адамдарды қандай жаңажылдық тілекпен қуантуға болады? Жаңа жыл қарсаңында әріптестеріңіздің өсіп-өркендеуін, кәсіби тұрғыда дамып, мол табысқа жетуін тілеңіз.

***

Қымбатты әріптестер! 2025 жыл сізді табыстың шыңына жетелеп, оң әрі дана шешімдермен есте қалсын. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, бақ-береке тілеймін. Жаңа жылда барша адам бақытты болсын!

***

Қымбатты әріптестер! 2025 жылы мансап жолында биік сатыларға көтеріліп, өркендей беріңіздер деп тілеймін. Мереке қарсаңында сіздерге жүректегі ең жақсы тілектерімді жолдаймын.

***

Жаңа жыл береке мен табысқа толы болсын! Барлық бастамаңыз сәтті аяқталсын!

***

Әріптестер, жаңа жыл құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақыт, қуаныш, сәттілік пен көп ақша тілеймін. Еш жамандық болмасын!

***

Жаңа жыл құтты болсын, құрметті әріптестер! Сіздер бір жыл бойы бір-біріңізге қолдау көрсетіп, сенімді серік бола білдіңіздер. Келе жатқан жыл біздің ұжым үшін керемет жаңалығымен келеді деп сенемін.

***

Қымбатты әріптес! 2025 жылы армандарыңыз орындалып, табысыңыз еселенсін! Әрбір ісіңіз сәтті болып, жаңа жетістік шыңын бағындыру жолында күш-қуат тілеймін! Деніңіз сау болсын! Жаңа жылда мансап сатысынан лифті секілді жылдам көтеріліп, табыстың шыңына шығыңыз!

***

Ардақты әріптестер! Ең қиын естеліктің бәрі ескі жылда қалсын деп тілеймін. Алда тек жарқын күндер мен табыс күтіп тұрсын! Алға қойған мақсатқа қадам басуға және мансап сатысымен көтерілуге ​​күш-қуатыңыз жетсін! Жұмысқа да, демалуға да уақыт табуыңызға тілекшімін. Армандарыңыз бен ең асыл тілектеріңіз орындалсын! Жаңа жыл құтты болсын!

***

Аяулы әріптестер! 2025 жыл қарбалас жұмыс күндері мен бояуы қанық сәтке толы болсын! Арман-тілектеріңіз орындалып, әрдайым көңіл-күй көтеріңкі болсын! Мықты денсаулық, мол табыс тілеймін. Ұжымда сенімді іскер адамдар қатары көбейсін!

***

Адамдар күннің көп бөлігін жұмыс орнында өткізеді, сондықтан әріптестер екінші отбасына айналып кеткен. Ұжымдастарға құттықтау ашықхатын дайындап, жылы тілектер жазудың өзі бір ғанибет.

Жаңажылдық құттықтау
Жаңажылдық құттықтау ашықхаты. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Әріптестерге арналған құттықтау сөздер

Әріптестер үшін қандай ерекше жаңажылдық құттықтаулар бар? Егер дәстүрлі құттықтау үлгісін ұнатпасаңыз, әріптестеріңізге арнап қысқа-нұсқа әрі әзіл аралас лебізіңізді жолдауға болады.

***

Әріптестер! Жаңа жыл мерекесінде маған тілек айтуды ұмытпаңыздар! Өйткені мен сіздің тілегіңізге орай еңбекақы түсетін картаңыз ақшаға толсын деп тілеймін.

***

Жаңа жылда жұмысымыз өнімді болсын деп тілеймін. Ол үшін арамызда өзара түсіністік болуы қажет. Мереке құтты болсын, әріптестер!

***

Жаңа жылда жұмыстан берілетін сыйақылар Аяз атаның сөмкесіндегі сыйлықтар сияқты төгілсін және алдымыздан шыққан қандай да бір қиындық лайым тезірек шешімін тапсын!

***

Жаңа жыл құтты болсын! Күшті әрі батыл адам өмір жолында мықтылығын көрсетеді. Жыл символы саналатын Айдаһардың айлакерлігі мен тапқырлығы кез келген жағдайда дұрыс таңдау жасауға септігін тигізсін. Сізге зор денсаулық пен оптимизм тілеймін!

***

Жаңа жыл өткен жылға қарағанда жақсы, жеңіл және қуанышты болсын! Денсаулығыңыз мықты болсын, әмияныңыз қомақты қаржыға толсын, қуанышты кездесу көбейсін!

Құттықтау өлеңі
Құттықтау өлеңі жазылған ашықхат. Көрнекі сурет: NUR.KZ

Жаңа жылда әріптестеріңізді қандай өлең жолдарымен құттықтауға болады? bilim-all.kz сайтында жарияланған жаңажылдық өлеңдер топтамасын ұсынамыз:

Келді міне Жаңа жыл ортамызға,

Құт-береке әкелсін баршаңызға.

Аңсаған арманыңыз орындалып,

Өміріңіз бақыт пен толсын нұрға.

***

Аман болсын отбасың,

Жамандықтан сақтасын.

Жаңа жылдың түнінде,

Бақыт ашсын қақпасын!

***

Келді тағы жаңа жыл

Қуантуға біздерді,

Құтты болсын қуаныш

Құттықтаймыз сіздерді!

***

Жаңа жылың жаңа нұр ала келсін

Қуанышқа құшағың тола берсін.

Ескі жылың есіркеп көкейіңде

Қимас шақтың бірі боп қала берсін!

***

Бақыт нұрын шашсын,

Ататын таң алдан.

Таусылмасын нәсіп,

Толып ақсын арнаң.

Ақталсын пәк үміт,

Жаңа қауыз жарған.

Баянды боп келсін,

Орындалсын арман!

Massaget.kz сайты болса жас ерекшеліктеріне қарай Жаңа жыл мерекесімен құттықтаудың үлгілерін жинақтапты:

Мысалы, бүлдіршінге мынадай құттықтаулар айтуға болады:

Отбасымыздың ең кішкентай мүшесі- бүлдіршінім, сенің де жаңа жылың құтты болсын! Аппақ қардай көңілі пәк балапаныма келер жыл тек жақсылықтарын сыйласын. Жайнаған жүзінен күлкі кетпей, балдай тәтті қылықтарына қанбай жүре берейік!

***

Осы мерекені қатты күткен былдырлаған балапаным! Алыстарды көздеп, биік белестерді бағындыратын  үлкен азамат бол! Өмір жолы сені адастырмай, әр басқан қадамыңа Алланың нұры жаусын. Көрер жаңа жылдарың көп болсын, жүзіңнен тек қана күндей жайнаған нұрлы күлкіні көрейік.

***

Жаңа жыл бүлдіршіндер үшін ерекше мереке. Олардың кіршіксіз көңілдері бұл күні ғажайыптың боларына сенеді. Пейіштен шыққандай пәк періштелердің тілегі қашан да орындалады. Сондықтан, жаңа жыл есік қақпастан бұрын, балапаным, сенің амандығыңның тілекшісімін! Қасқырдың қайратын, арыстанның айбатын, жылқының сақтығын, бүркіттің қырағылығын тілеймін. Тау суындай таусылмас қайратқа да, сыр суындай сарқылмас жігерге де, гүлдей жайқалған ғұмыр мен самал желдей тербелген өмірге балам, сен лайықсың!

Жаңажылдық отшашу
Жаңажылдық отшашу. Көрнекі сурет: pexels.com

Ал ата-анаға мынадай құттықтау айтуға болады:

Тамырын тереңге жайған бәйтеректей бәрімізге сая бола білген ата-анамызды жаңа жылмен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, бақытты ғұмыр тілейміз.Шырайлы шапағат мен шуаққа кенеліп, арамызда аман-сау жүре беріңіздер!

***

Құрметті Әкем мен Анашым! Келіп жеткен 2012 жыл сіздерді қуантудан жалықпасын. Мәуелі бәйтеректей көз алдымызда жайқалып жүре беріңіздер. Ана, сіздің аялы алақаныңызға, Әке, сіздің жүрегіңіздің шексіз мейіріміне тең келер ештеңе жоқ. Сіздердің амандықтарыңызды тілеп, осы жаңа жылды бірге қарсы алу сәтіне жеткізген Аллаһқа разылық білдіремін!  Талай жылды бірге қарсы алу бақыты бұйырсын деймін! Жаңа жыл құтты жыл болсын!

***

Әкешім! Өмірдің соқпағына қарамастан бізді өрге тартып келе жатқан, тағдырдың суығына тоңдырмай мәпелеген, бар ыстық махаббатын бізге төккен Сіз, бірінші құттықтауға лайықсыз. Жаңа жыл тек жақсылықтарымен қуантсын! Деніңіз сау болып, жарқын жүзіңізді мұң шалмай, балаларыңыздың қуанышына марқайып отыра беріңіз!

Басылым достарға да айтуға болатын ізгі тілек топтамасын ұсынған:

Тіреуім досым! Қуанышым мен қайғымның куәсі, өмірімнің бөлшегі болған аяулы жан. Жаңа жылда сені құттықтап, қуантуға асығудың өзі қандай бақыт! Жыл бойы кірпігіңді мұң шалмасын, жасыма, тек қуанып, жадырап, аман-есен жүре бер.

***

Достар! Жан-жағыма көз салсам, жаңа жылды қарсы алу кешіне әсем де сұлу, көркіне көз тоярдай сүйкімді қыздар мен жігіттер жиналып отыр екен. Жүздеріңе қарасам, мезгілдің қыс екенін ұмытып, қып- қызыл қызғалдағы жайқалған көктемнің сұлулығын, жаздың жылулығын көремін. Ендеше достар, лайым осылай құлпырып жүре беріңдер. Жаңа жыл әрқайсысыңа бақыт пен шаттық сыйласын! Жылдар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз бұл жылы да әдемі жалғасын тапсын!

***

Жаңажылдық дастархан қандай тәтті болса, сен барда менің өмірім сондай тәтті. Нұрлы жүзіңнен тек қана күлкі көріп, қуанышымды өзіңмен бөлісе жүрейін. Бақытты бол, құрбым!

Сыныптастарға айтуға болатын жаңажылдық тілектер:

Құрметті сыныптастар! Жаңа жыл баршамызға тек қуаныш пен жетістік әкелсін. Сабақтарымыз сәтті, достығымыз мықты болсын! Жаңа жылда әрқайсымыздың армандарымыз орындалсын!

***

Ардақты достар! 2025 жылда бәріміз бірге жаңа жетістіктерге жетейік! Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, білімге ұмтылайық. Жылымыз шаттық пен қызыққа толы болсын!

Жаңажылдық шыршалар
Жаңажылдық шыршалар. Көрнекі сурет: pexels.com

Мұғалімге айтылатын ізгі тілектер:

Құрметті ұстазымыз! Сізді жаңа 2025 жылмен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жыл Сізге зор денсаулық, мол бақыт және шығармашылық табыстар әкелсін. Бізге үйретіп жүрген еңбегіңіз ақтала берсін!

***

Ардақты ұстаз! Сіздің бізге берген біліміңіз бен тәрбиеңіз үшін алғысымыз шексіз. Жаңа жылда еңбегіңіз жемісті, отбасыңыз аман, әр күніңіз бақытқа толы болсын!

Әжеге айтылатын тілектер:

Қымбатты әже! Сізді жаңа 2025 жылмен құттықтаймын! Деніңіз сау, көңіліңіз шат болсын. Әр күніңіз қуаныш пен мейірімге толы болсын. Біздің тірегіміз, ақылшымыз болып жүре беріңіз!

***

Аяулы әжем! Жаңа жыл Сізге тыныштық, ұзақ ғұмыр, немере-шөберелеріңіздің қуанышын әкелсін. Әрқашан жарқын күлкіңіз бен жылы жүрегіңізбен бізді қуанта беріңіз!

Атаға айтатын ізгі тілектер:

Қадірлі атам! Жаңа жыл құтты болсын! Сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, жан жылуы мен амандық тілеймін. Отбасымыздың тірегі болып, бізді әрдайым қуанта беріңіз!

***

Ардақты ата! 2025 жыл Сізге тек жақсылық пен қуаныш әкелсін. Көңіліңіз көтеріңкі, деніңіз сау, әр күніңіз бақытты болсын. Біздің өмірімізге шапағат шашып жүре беріңіз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/leisure/holidays/2053333-zanazyldyq-lebiz-ariptesterinizdi-qalai-erekse-quttyqtauga-bolady/