Астана тұрғыны әйеліне үйлену тойы кезінде сыйға берілген әшекейлерді бөлісу үшін сотқа жүгінген
Жарияланған күні:

Елордада ер адам әйеліне туыстары үйлену тойында сыйлаған гауһар тасы бар әшекейлер мен неке жүзігін бөлісу үшін, сотқа талаппен жүгінген. Бұл туралы Астана соттарына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Астанада ер адам үйлену тойы кезінде достары мен туыстары әйеліне 5 миллион теңге және 1 миллион теңге тұратын гауһар тасы бар әшекейлер (сырға мен сақина) мен неке жүзігін бергенін айтып, мүлікті бөлу туралы талаппен сотқа жүгінген.
Ер адам аталған сомадағы қаражатты және зергерлік бұйымдарды әйелі заңсыз иемденіп алды деген уәж айтқан. Алайда әйел оның бұл уәжімен келіспеген. Астаналық тұрғынның арызы сотта да қанағаттандырылмады.
"Сот іс материалдарын зерделеп, тараптарды тыңдап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Себебі, істі қарау барысында сыйға берілген 5 миллион теңгені алу фактісі құжатпен расталмады, сондай-ақ аталған қаражатты жауапкердің иемденіп алғаны дәлелденбеді", - делінген ведомство хабарламасында.
Сонымен бірге ер адамның зергерлік бұйымдарды бөлу туралы талабы да қанағаттандырылмаған.
"Зергерлік бұйымдарға келетін болсақ, ол қалыңдыққа некеге дейін берілген, сондықтан бұл оның жеке меншігі, сол себепті ол бөлісуге жатпайды.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 35-бабына сәйкес:
- ерлі-зайыптылардың әрқайсысына некеге (ерлі-зайыптылыққа) дейін тиесілі мүлік;
- ерлі-зайыптылардың неке (ерлі-зайыптылық) кезеңінде сыйға тарту тәртібімен немесе өзге де өтеусіз мәмілелер бойынша алған мүлкі ерлі-зайыптылардың әрқайсысының жеке меншігі болып табылады", - делінген Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/leisure/holidays/2159247-astana-turgyny-aielining-uilenu-toiy-kezinde-syiga-algan-ashekeilerin-bolisu-ushin-sotqa-zhugingen/