"Сәтбаевтың сакурасы қайта гүлдейді": Бүгін – Қазақстанның ғылым қызметкерлері күні (фото)
Жарияланған күні:

Бүгін, 12 сәуірде қазақстандықтар Ғылым қызметкерлері күнін атап өтіп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат тұрғындарды атаулы күнмен құттықтады, ал Қазақстан Ғылым академиясының бастамасымен ғимараттың ішкі ауласында "Сәтбаев сакурасы" қайта бой көтерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Министр құттықтауы
"Бүгін – Қазақстанның ғылым қызметкерлері күні! Бұл күннің 12 сәуірге белгіленуі тегін емес. Дәл осы күні еліміздің ғылымын әлемдік деңгейге көтерген, көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген еді. Ол ұлттық ғылымды жүйелі жолға қойып, іргелі зерттеулердің негізін қалады.
Ғылым – ел дамуының алтын діңгегі. Сондықтан бұл саланы дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі...
Қазіргі уақытта 208 ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Оның 25-і экспортқа шықты. Ал 6 жоба – 1 миллиард теңгеден астам сатылымға қол жеткізді. Жалпы алғанда, коммерцияланған жобалардың ел экономикасына қосқан үлесі – 118,4 миллиард теңгені құрап отыр...
Ғылым күні құтты болсын! Еңбектеріңіз табысты, жаңалықтарыңыз жаңашыл, жетістіктеріңіз толағай болсын!", - деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат жеке арнасында.
Сакура ағашы қайта гүлдейді
Ғылым қызметкерлері күніне орай Қазақстан президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы да ерекше бастаманы қолға алып, ғылым жолындағыларға құттықтау жолдады. Бұл туралы отандық журналист Дина Имамбай желі парақшасында жазды.
"Ғылым академиясының ғимаратын екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен жапон тұтқындары салғаны белгілі. Құрылыс кезінде арып-ашып жүрген жапондарға академия басшысы Қаныш Сәтбаев қамқорлық жасаған. Кейін олардың біразы еліне қайтады. Сөйтіп, қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевқа деген разылық ретінде сакура ағашының көшетін жолдайды. Жақсылықты үмытпайтын халық қой жапондар мен немістер.
"Сәтбаев сакурасының" тарихы жөнінде "Ақиқат" журналының 2024 жылғы сәуірдегі санында Аспандияр Өмірбековтің мақаласы шыққан болатын. Онда былай делінген: "Кеңес үкіметі мен Қазақстан басшыларынан осы сакура ағаштарын Қазақстанның Ғылым академиясы жанына отырғызуды сұрап, өтініш жазылған хат қоса тіркелді. Сәтбаевтың құрметіне академияның жанына тігілген үш сакураның екеуі жайқалып өсті"
Алайда 30 жылдан кейін қалалық әкімдіктегі ғылымнан алыс, Сәтбаевтың кім екенін білмейтін басшылар "құрылысқа кедергі келтірді" деген желеумен қос сакураны кескізіп тастайды.
Бұл жайында "Казправда" тілшісі Елена Брусиловская да сол кезде газетке жазған, бірақ ешкім құлақ аспады.
Енді міне 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай Қазақстан президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйытқы болуымен ғимараттың ішкі ауласында"Сәтбаев сакурасы" қайта жаңғыртылып, екі сакура – Kanzan және Kiku-Shidare ағаштары отырғызылды.
Ағаштар жайқалып өсе берсін, ғылымымыз да өркендей берсін!", - деп жазды журналист.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/leisure/holidays/2235203-satbaevtyng-sakurasy-qaita-guldeidi-bugin-qazaqstannyng-gylym-qyzmetkerleri-kuni-foto/