RU

Парламент зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты заңды қабылдады

Ақша теңге1
Көрнекі фото: NUR.KZ

Мәжілісмендер қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін заң жобасына сенаторлар енгізген түзетулерді мақұлдады. Осылайша, құжат парламентте қабылданды деп есептеліп, мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Депутат Сәкен Өтебаевтың айтуынша, сенаторлар енгізген түзетулер нақтылаушы сипатта және заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді.

Осыған байланысты мәжілістің бейіндік комитеті сенаторлар енгізген өзгерістермен келісуді ұсынды.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жасады.

Жолдауы барысында мемлекет басшысы 2021 жылы 700 мыңдай қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін үй сатып алуға, оқуға немесе денсаулығы үшін пайдалана алатынын айтты.

Кейін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеткіліктілік шегі бар ел тұрғындары зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алатыны белгілі болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болмақ.

Олар: 

  • зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
  • Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.

Сонымен қатар әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан ақша алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар.

Мысалы, 20 жастағы азаматтың шотында ең кемі 1 миллион 720 мың теңге болуы керек. Ал 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/1890556-parlament-zejnetaky-zinagynan-aksa-aluga-mmkindik-beretin-zady-kabyldady/