Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинағынан қалай қаржы алуға болады: Көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап

Опубликовано:

Зейнеткер
Көрнекі сурет: pixabay.com

Соңғы уақытта зейнетақы жинағының бір бөлігін үй сатып алуға, оқуға немесе денсаулығы үшін пайдалана алатынын естіген қазақстандықтар бұл мәселені қызу талқылап жүр. Осы орайда, көпшіліктің көкейінде жүрген негізгі сұрақтарға жауапты Нұрфин материалынан оқи аласыз.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу құқығы қашан және кімдерге берілді?

2020 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жасады. Жолдауы барысында перзидент 2021 жылы 700 мыңдай қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін үй сатып алуға, оқуға немесе денсаулығы үшін пайдалана алатынын айтты.

Кейін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеткіліктілік шегі бар ел тұрғындары зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алатыны белгілі болды.

Олар:

  • Зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
  • Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.

Айта кетейік, әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан қаржы алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар.

Анықталғандай 500 мыңнан астам адам зейнетақы шоттарына жеткілікті ақша жинаған.

Зейнетақы жинағын шеше алатын екінші санаттағы азаматтар, яғни зейнет жасына жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан жинағының 50%-ын шеше алады.

"Осындай азаматтардың саны 178 мыңнан астам адам. Олардың ішінде құқық қорғау органдарының зейнеткерлері де бар. Жалғыз шарт - зейнетке шыққан адамдар. Ол алатын зейнетақының мөлшері соңғы жалақының 40%-ынан кем болмауы керек. Үшінші санат - зейнетақы аннуитеті шартын жасағандар. Егер сақтандыру компаниясына ақша аударылғаннан кейін (зейнетақы аннуитетін сатып алған кезде) қаражат қалса, онда олар қалғанын толығымен алуға құқылы. Бізде 13 300 осындай адам бар", - дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

БЖЗҚ-дан алған ақшаны не нәрсеге жұмсауға болады?

Біржан Нұрымбетов зейнетақы қаражатына тұрғын үй немесе жер сатып алуға болатынын айтқан еді.

Тұрғын үйдің тек жаңасын ғана емес, сонымен қатар бұрын пайдаланылғанын да сатып алуға болады. Алайда мұнда белгілі бір шарттар бар: зейнетақы жинағы арқылы алынған үйді алдағы бес жылда сатуға болмайды.

Журналистер министрден: "үйі бар болып, осы ақшаны ипотека төлеуге жұмсауға бола ма", - деп сұрады.

Нұрымбетов бұған жауап ретінде бұл қаражатты кез келген екінші деңгейлі банктен бұрын алынған ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға немесе төлеуге пайдалануға болатындығын айтты.

Сонымен бірге жиналған зейнетақы қорын емделу үшін де алуға болады. Министрдің сөзінше, азамат өзінің емделуіне ғана емес, жұбайының және жақын туыстарының еміне де ақша ала алады.

Жақын туыстарына ата-аналары, ата-әжелері, бауырлары, балалары, немерелері жатады. Сондай-ақ бір отбасынан шыққан адамдардың зейнетақы жинақтарын біріктіру мүмкіндігін қарастыру да жоспарланып отыр екен.

Зейнетақы төлемдерін үй жөндеуге жұмсауға бола ма?

"Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да онлайн брифингте қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарын тұрғын үйді жөндеуге жұмсау үшін мерзімінен бұрын алуға рұқсат етіле ме деген сұраққа жауап берген болатын.

Маманның айтуынша, зейнетақы қаражатын жұмсау ережесінің жобасында "жөндеуге" деген бағана жоқ.

"Қазір қоғамда зейнетақы жинақтарын тұрғын үйді жөндеуге жұмсау үшін шешу мәселесі көптеп талқылануда. Біздің ұстанымымыз - мемлекет 22 жыл бойы зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етті, ағымдағы жөндеу жұмыстары - бұл ағымдағы шығындар. Жөндеу жұмыстары пәтерді сатып алумен байланысты болған жағдайда рұқсат етілетін болады, ондағы банктік шартта бірінші әрлеуден өткен бастапқы нарықтағы пәтерді сатып алу және оған жөндеу жұмыстарын жүргізу қоса көрсетіледі", - деп хабарлады спикер.

Брифингте әзірге зейнетақының жұмсалуы үш бағытты - тұрғын үй сатып алуды, емдеуді немесе өз жинақтарын қаржы компанияларының басқаруына беруді көздейтінін хабарлады.

Зейнетақы жинағын нақты қандай ауруды емдеу үшін қолдануға болады?

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева зейнетақы жинағын ең алдымен орфандық ауруларды емдеу үшін қолдануға болатынын мәлімдеді.

"Бұл – өте сирек кездесетін аурулар. Мысалы, буллезді эпидермолизбен ауыратын балалар бар. Сосын "көбелек балалар" болады. Осы іспетті сирек аурулар кіреді", - деді Сәрсенбаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстанда қажетті дәрі-дәрмек болмаған жағдайда, оны шетелден сатып алу үшін де зейнетақы жинағын пайдалануға болады. Бірақ дәрі-дәрмекті өз жерімізде пайдалануға рұқсат болуы шарт.

Сонымен қатар зейнетақыны қолдануға болатын ем-домдар тізіміне стоматология қызметтері де кірген. Оның ішінде протездеу және тағы басқа шаралар бар. Бұдан бөлек тағы қандай ем-домға қаражатты қолдануға болатынын сілтеме арқылы өтіп, оқи аласыз.

Зейнетақы қорынан ақшаны алу реті қандай?

БЖЗҚ мәліметінше, ең алдымен азаматтар өз жинағын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын соманың бар-жоғын анықтап алуы керек. Зейнетақыдан қанша ақша алуға болатынын енді БЖЗҚ-ның сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы қарауға болады.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін алатын адамдар алдымен уәкілетті операторға барады. Мәселен, тұрғын үй мәселесіне "Отбасы банк" жауапты болады. Оператор барлық құжатты тексергеннен кейін БЖЗҚ-ға салымшының өзі айқындаған және оның өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинағын аудару туралы хабарлама жібереді.

Ал салымшы зейнетақы жинағын алғанда жеке табыс салығын бірден төлей алады, я болмаса, кейінге қалдыруға болады.

БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде ақшаны уәкілетті операторға аударады. Оны азаматтардың арнайы шотына салып қояды.

Зейнетақы қорынан алынған қаржыны қолдануға қанша уақыт беріледі?

"Зейнетақы жинағы арнайы шотта 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жатады. Осы мерзім ішінде жинақ нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға немесе салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс", - дейді БЖЗҚ мамандары.

Ал зейнетақы жинағының бір бөлігін сенімгерлік компанияның басқаруына беру үшін салымшы БЖЗҚ-ға қажетті құжаттармен бірге өтініш жазады.

Оны жеке өзі апарып береді, я болмаса, enpf.kz интернет-ресурс арқылы электронды цифрлық қолтаңбамен жібере алады.

Зейнетақыны алған кезде 10 пайыз табыс салығын қалай төлеуге болады?

Сенаторлар қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін табыс салығын кейін төлеуге мүмкіндік беретін Салық кодексіне түзетулер енгізу жайлы құжатты қабылдады.

Оған сәйкес, зейнетақы ақшасын биылдан бастап пайдалануға болады, ал салықты бірден төлеуге емес, зейнетке шыққаннан кейін бірнеше жыл ішінде біртіндеп төлеуге рұқсат берілмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1892459-zejnetaky-zinagynan-kalaj-karzy-aluga-bolady-kpti-kkejindegi-sraktarga-zauap/

pixel