Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кредит алатын уақыт емес": Экономист қаңтар айында ақшадан тарығып қалмас үшін не істеу керегін айтты

Жарияланған күні:

Теңге
Теңге. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Жыл соңы - әр адам өзіне есеп беретін кезең. Сонымен қатар мереке қарсаңында ақшаның қалай жұмсалып кеткенін білмей қалатын жағдайлар да кездеседі. Белгілі экономист Мақсат Халық осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, қаңтар айында қаржылай тығырыққа тіреліп қалмас үшін ел тұрғындарына өз кеңесін берді.

Экономист маманның сөзінше, қазір ақшаны көп жұмсайтын уақыт емес.

"Жаңа жыл қарсаңында ел тұрғындары өте қатты шашылады, ақшаны оңды-солды жұмсап қоямыз. Нәтижесінде қаңтар айы өте ұзақ ай болып көрінеді. Себебі айлық түскенше, қаңтардың екінші жартысында ақшадан тарығып қалатындар көп. Менің айтарым - қазір ақшаны есепсіз жұмсайтын уақыт емес, керісінше қаражатты ретімен, жинақтап, сақтық қорын құратын уақыт", - дейді ол.

Мақсат Халықтың айтуынша, келер жылдың қалай болары белгісіз, сол себепті Қазақстан тұрғындары да кез келген жағдайға дайын жүруі керек.

"Әлемдік The Economist басылымы келер жылы әлемде рецессия орын алуы ықтимал екенін, әлеуметтік жағдайлар ушығуы мүмкін екенін болжауда. Бұл жағдай орын алса ол Қазақстанды айналып өтпейтіні түсінікті. Біздің экономикамызға ондай фаза келсе, елдегі қымбатшылықтан бөлек, жұмыссыздық мәселесі қосылады. Қазірдің өзінде ол жоғары. Статистикада 500 мың деп көрсетілгенімен, президент өткенде бұл көрсеткіштің 900 мыңға жеткенін айтты. Халықаралық KPMG аудиторлық компаниясы Қазақстанда 1,5 млн-ға жуық тұрғын жұмыссыз деген мәліметті беріп отыр. Демек, ол ушықса, әлеуметтік жағдай нашарлап кетеді. Елімізде кедейлер көбейеді деген сөз. Осы жағдайларға байланысты, менің кеңесім – қазір кредит алатын уақыт емес. "Кредитті көптеп алып қалыңдар, кейін құнсызданып кетеді", деп айтатындар қателеседі. Қазір жоғары пайызбен кредит алудың керегі жоқ. Керісінше қаражатыңызды жинақтап, аз болса да ертеңгі күнге жоспар құрып, артық шығын шығармайтын, қаражатыңызды қаржылық сауаттылыққа негіздеп отырып жоспарлайтын уақыт деп айтар едім", - дейді маман.

Сондай-ақ оның сөзінше, жинайтын қаражатты тек долларға айналдырып қоюға болмайды. Оны кемінде үш валютада ұстау керек. Ал жақын келешекте керек-жараққа жұмсайтын ақшаны теңгемен ұстаған ұтымды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2003798-kredit-alatyn-uaqyt-emes-ekonomist-qantar-aiynda-aqsadan-tarygyp-qalmas-usin-ne-isteu-keregin-aitty/