Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Айгүл Иманбаева: Келесі жылы Англияға кетемін

Опубликовано:

Айгүл Иманбаева
Фото: Instagram/aigul_imanbayeva

Соңғы кездері әлеуметтік желіде жиі сынға қалып жүрген Айгүл Иманбаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Әңгіме барысында ол актрисалық мансабы мен желі қолданушыларының сынына пікір білдіріп, жеке өміріне қатысты сүйінші жаңалығын бөлісті.

- Ең алғашқы сұрақты өзіңіз түскен соңғы фильмнен бастайықшы. "Ажырасам" фильміне қалай келдіңіз? Қандай образ сомдайсыз?

- Мен фильмде комедиялық образды сомдаймын. Оның шет жағасын желідегі үзінділерден де байқаған шығарсыздар. Бұл фильмге арнайы шақыртумен келдім. Жұлдыз хабарласып, өзінің идеясы мен ұсынысын айтқанда қуана келістім. Мен өнерді қолдағанды жақсы көрем. Оның үстіне Жұлдыздың тырнақалды туындысы болғандықтан еш ойланбадым және қолымнан келгенін аянып қалмадым.

- Фильм болған оқиға желісімен түсірілген деп қалдыңыздар, кімнің өмірінде болған оқиға?

- Оны көру керек. Көрген қырағы көзді көрермен кімнің өміріне қай эпизодтың қатысы бар екенін түсінеді.

- "Ажырасам" фильмі комедия болса да, өмірде ажырасу трагедия ғой. Сіздің ойыңызша, қандай жағдайда отбасын сақтап қалуға талпынып, қандай жағдайда ажырасу керек?

- Көп кезде ажырасуды әйелге жаба саламыз. Қоғамда "ажырасып кетсе әйел кінәлі, әйел еркекті ұстай алмады, әйелі дұрыс емес-ау, әйел отбасын сақтауға тырыспады деген түсінік бар. Бұл - қате. Ажыраспау үшін ерлі-зайыпты жұп бірдей жұмыс жасауы керек. Бір-бірін түсінуі керек. Ажырасу - минуттық дүние. Арыз жаздың, қол қойылды. Болды. Әркім жеке-жеке өз өмірін сүріп кете алады. Ал ажыраспауға әрекет ету - үлкен еңбек. Ерлі-зайыпты ашық сөйлесуі керек. Кімге не жетпей жатыр, қандай мәселе бар, кім нені естімей жүр? Осы сұрақтарға жауап іздеуі керек. Егер ер адам ішкіш болып, таңнан кешке дейін әйелді ұра беретін болса, отбасын сақтаудың еш мәні жоқ деп ойлаймын. Қоғамда "шыдап көрейін" деп жүріп өмірден озып кетіп жатқан қанша әйелдерді көріп жатырмыз. Бала жетім қалып жатыр. Балаға дені сау ана керек. Мен мына кезде отбасын сақта, немесе ажырас деп кеңес бере алмаймын. Әрбір ерлі-зайыпты әңгімесінің де, сезімнің де таусылғанын сезеді. Сол кезде ішкі түйсіктеріне мән беріп, әрекет етуі керек.

- Айтпақшы, кинокартинаның үзінділерін парақшаңызға саламын деп біраз хейтке тап болған сияқтысыз. Әсіресе "ұят" деген пікірлерді қалай қабылдап жатырсыз? Фильмнен соң негатив көбейіп кетеді деген қорқыныш жоқ па?

- Шынымды айтсам, комментарий оқитын уақытым болмай жүр. Бірақ негативті жазатын адамдардың уақыты көп шығар. Ал менде оларды оқып отыратын уақыт та, "енді не істеймін" деп уайымдайтын жүрек те көп емес. Голливудтың ашық-шашық жабысып жатқан кадрларын да көреді ғой. Бұл фильмде бізде ондай ұятсыз кадр жоқ. Жалпы артық кеткен жерім бар деп ойламаймын. Образды ашу, шынайы көрерменге жеткізу - актрисаның міндеті.

- Негізі сізді қанша образда көрсек те, көрермен сол баяғы "Ұят болмасын" бағдарламасындағы Айгүлді жақсы көреді. Сіздің төлқұжат қой. Бұл фильм сізге басқа образдағы жаңа төлқұжат болуы мүмкін бе?

-Адамда бір төлқұжат болады ғой. Тура солай актрисада бір төлқұжат болады деп ойлаймын. Мен бұған дейін қаншама еңбек жасап, қандай образда шықсам да орта және үлкен буын көрермен басына ақ орамал тартқан келін Айгүл деп қабылдайды. Желідегі "ойбай, ұят-ай" деп бетін шымшып отыратын негатив сол Айгүлді жақсы көргеннен жазылады деп ойлаймын. Ал жастар мені басқа қырымнан таниды. Кім біліпті, бұл образ маған тағы бір қосымша жаңа "төлқұжат" болып қалар. Бірақ, әй қайдам.

- Байқасақ, көп әріптесіңіз үлкен кино түсіріп жүр. Сіз де өзіңіздің авторлық киноңызды түсіруге ниеттеніп жүрген жоқсыз ба?

- Мүмкін болашақта ұлыммен бірге түсіретін шығармын.

- Кеше желідегі парақшаңыздан шетелге оқуға түскеніңіз жайлы ақпаратты көріп қалдық. Толық айтып бересіз бе?

- Иә, кеше сайтқа шығыпты. Келесі жылы Англияға оқуға кетемін. Арт-менеджер мамандығы бойынша білім алмақшымын.

- Ұлыңыз ержетті. Үйленуге дайын шығар? Келін туралы әңгімені қаншалықты жиі қозғайсыздар?

Иә, әрине ол тақырып қозғалады. "Текті жерден қыз ал. Анасына қарап ал", - деп ақылымды айтып отырамын. Бірақ "қашан үйленесің, тез үйлен" деп ұлымның басын ауыртпаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жазып алған Жанар Тайырқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2003793-aigul-imanbaeva-kelesi-zyly-angliyaga-ketemin/

pixel