Үлескерлік құрылыс қолжетімді бола түсті: сатып алушылар нені ескеруі керек
Жарияланған күні:
Құрылыс компаниялары қазақстандықтардан белгілі бір шарттар негізінде құрылыс аяқталғанға дейін қаражат тарта алады. "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" үлескерлік құрылысқа қатысты құжаттарға өзгерістер енгізіп, оны әлдеқайда қолжетімді етті. Алайда үлескерлер ескеретін жайттар бар. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
2023 жылдың 21 қаңтарынан бастап Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚТК) кепілдік беру туралы ережелерінің жаңартылған нұсқасы күшіне енді. Осы өзгерістерге сәйкес үлескерлерден ақша тарту құрылыс компаниялары үшін қолжетімді бола түсті. Нақтырақ айтсақ, кепілдік беру тәртібі жеңілдетілді. Бұл нарықтағы жаңа тұрғын үйге қатысты ұсыныстарды арттыруы мүмкін. Дегенмен қазақстандықтар ашық емес келісімшарттардың тәуекелі көп екенін ұмытпауы керек. Сол себепті үлескерлік құрылысқа қатысуда қауіптерді болдырмайтын ережелерді білу маңызды.
Құрылыс компаниясы қандай құжаттарды көрсетуі керек
Құрылыс компаниясының үлескерлік құрылысқа қатысуға ресми рұқсаты болса, нысан құрылысының аяқталатынына және тұрғындардың инвестициясының қорғалатынына сенім арта түседі. Сонымен қатар құрылыс компанияларының үлескерлерден қаражат тартуға ҚТК кепілдігі және әкімдіктің рұқсаты болуы керек. Пәтер алуға ниетті тұрғындар құрылыс жұмыстары басталмай тұрып осы құжаттардың барлығын сұрай алады. Аталған құжаттарсыз үлескерлік құрылысқа ипотека рәсімдеу мүмкін емес.
Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы келісімшарт үлескердің өзімен жасалуға тиіс. Құжат әкімдікте тіркеліп, есепке алған сәттен бастап жарамды болады. Айта кету керек, бұл келісімшарт ресми түрде бекітілген үлгі бойынша жасалуы керек. Келісімшарттардың барлық басқа түрі (алдын ала броньдау, салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу, сату ) сатып алушының ақшасын қорғауға кепілдік бола алмайды.
Үлескер болудың қауіпті екенін байқататын белгілер
Алаяқ құрылыс компаниялары қазақстандықтарға баламалы келісімшарт бойынша үлескер болуды ұсынуы мүмкін. Десе де бұған дейін жазып өткеніміздей, тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы келісімшарт қана қауіпсіздікке кепілдік береді. Егер құрылыс компаниясы ҚТК-ның кепілдігі мен әкімдіктің рұқсаты бар құжатты көрсетуден бас тартса, бұл оның құрылыс пирамидасына қатысы бар болуы мүмкін екенін аңғартады. Құрылыс тоқтап қалған жағдайда компания үлескердің ақшасын қайтармай қоюы мүмкін. Сондықтан рұқсат етілген құжаттардың болуына, қол қойылған келісімнің мазмұнына ерекше назар аудару керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2008520-uleskerlik-qurylys-qolzetimdi-bola-tusti-satyp-alusylar-neni-eskerui-kerek/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.