Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"50 млрд теңге бөлінбек": Биыл мемлекет қанша қазақстандықтың пәтер ақысының жартысын төлеп береді

Опубликовано:

20 мыңдық купюралар
20 мыңдық купюралар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Биыл 70 мыңға жуық қазақстандықтың пәтер жалдау ақысының жартысын мемлекет субсидиялайды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресми сайтында хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жекелеген санаттарға жататын азаматтардың мәселесін жеделдетіп шешу үшін қазір елімізде жеке тұрғын үй қорындағы баспананың жалға алу ақысын субсидиялау тетігі іске асырылып жатыр.

"2023 жылы осы мақсатқа 50 млрд теңге бөлінбек. Бұл амал 70 мыңға жуық адамды қамтуға мүмкіндік беріп, олардың баспананы жалға алудағы төлемінің 50 пайызын өтеуге септеседі", – делінген хабарламада.

Аталған бағдарламаға қатысу үшін өтінішті Otbasybank.kz платформасына жіберу қажет.

"Субсидиялауға өтініштер электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады. Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үйді азаматтар өздері іздеп, таңдауы тиіс. "Отбасы банк" тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді", – делінген министрлік хабарламасында.

Пәтер жалдау ақысы бойынша мемлекеттік субсидияны алуға үміткер бола алады:

  • I және II топтағы мүгедектер;
  • мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • жетім балалар;
  • көп балалы отбасылар.

Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орта айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс.

"Отбасы банкі" субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ ай сайын төлем тәртібін қадағалайды. Ал жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді.

"Бұл орайда жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ аталған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынады", – деп ескертеді министрлік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2008914-biyl-ukimet-qansa-qazaqstandyqtyn-pater-zaldau-aqysynyn-50-paiyzyn-toleidi/

pixel