Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда әйелдер ипотекасына қандай баспана алуға болады

Жарияланған күні:

Кілт салпыншағы
Ипотека. Көрнекі сурет: Pixabay.com

Қазақстандықтар түрлі ипотекалық бағдарламаларды пайдалана алады. Солардың бірі - әйелдерге арналған ипотекалық бағдарлама. Бұл бағдарламаның талаптары мен мүмкіндіктері туралы KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Ипотекалық несиелендіру бастапқы жарнаны қоспағанда, қомақты қаражатсыз үй сатып алуға мүмкіндік береді.

Кейбір бағдарламалар белгілі бір әлеуметтік топтардың немесе нақты бір қоғамның мүддесін қамтуға бағытталған. Мәселен, қаржылық жағдайы төмен азаматтарға "Бақытты отбасы" атты жеңілдетілген ипотека қарастырылған.

Ал әйелдерге ипотекалық несие берудің шарттары қандай екенін Отбасы банкі сайты жария етті.

Бағдарлама қатысушысыларына қандай баспаналар қарастырылған

Әйелдер ипотекасында Қазақстан әйелдеріне жаңа салынған ғимараттардағы пәтерлерді және қайталама нарықтағы пәтерлерді (қолданыстағы пәтерлер) тұрғын үй құрылыс жинағынсыз сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Оның үстіне олардың меншігінде өзге де жылжымайтын мүлкі болуы мүмкін, яғни екінші не үшінші пәтерді де сатып алуға құқығы бар.

Баспана сатып алу
Тұрғын үй макеті. Көрнекі фото: pixabay.com

Дереккөзге сенсек, қатысушылар үшін мынадай мүмкіндіктер қарастырылған:

  • Берілетін несие сомасы – пәтер құнының 85% құрайды;
  • мерзімі – 25 жылға дейінгі мерзімге ипотека алуға болады;
  • мөлшерлемесі – жылдық тиімді сыйақы мөлшері (ЖТСМ) 14,1%-дан басталады, ал несие сомасының 50%-ын жинақтаған кезде ЖТСМ төмендейді және 3,6% құрайтын болады.

Алайда ең жоғары табыс деңгейі бойынша шектеу бар – бағдарламаға қатысушы әйелдің отбасының жалпы табысы 640 000 теңгеден аспауға тиіс. Ал егер табыс жеткіліксіз болса, онда тағы екі қосалқы қарыз алушыға дейін тартуға болады.

Сонымен қатар қатысушылар салықтық шегерімдерін қолдану мүмкіндігіне де ие болады.

Қашан және қалай өтініш беруге болады

Ақпарат көзінің мәліметінше, Қазақстанда әйелдерге ипотекалық несие беруге бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 38 млрд теңгені құрайды. Ол транш түрінде Азия даму банкінен түсіп отырады.

Осылайша 2021 жылы қазақстандық әйелдерге 8,4 млрд теңгеге 954 несие беріліп, транштың бірінші жартысы игерілген болатын. Екінші транш болса 14 млрд теңгені құрады және 2022 жылы игеріліп, 1120 әйелді бағдарлама бойынша ипотекамен қамтамасыз етті.

Өтінімдер қабылдаудың үшінші кезеңі Азия даму банкі келесі траншты бөлгеннен кейін басталады.

Сондықтан дереккөз сайтында жазылғандай, өтініштерді қабылдау уақытша тоқтатылды. Өтінімдерді қабылдау мерзімі туралы Отбасы банк өздерінің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында хабарлайтын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2013903-qazaqstanda-aielder-ipotekasyna-qandai-baspana-aluga-bolady/