1 қыркүйектен бастап қазақстандық студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы өседі
Опубликовано:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері өседі. Тиісті қаулыға үкімет басшысы Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қыркүйектен бастап бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15 пайызға, ТжКБ студенттерінің шәкіртақысы 50 пайызға өседі.
Үкімет қаулысында белгіленген шәкіртақы мөлшері төмендегідей:
- докторанттарға (оның ішінде "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша) – 217 500 теңге;
- даярлаудың "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 579 теңге;
- магистранттарға – 97 024 теңге;
- интерндерге – 75 890 теңге;
- жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және "Денсаулық сақтау" бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге;
- даярлаудың педагогикалық бағыттары және "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41 898 теңге;
- техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге;
- техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқитын студенттерге – 31 422 теңге.
Қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енеді.
Сонымен қатар мемлекет басшысының жолдауын іске асыру аясында келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсетін болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/2032960-1-qyrkuiekten-bastap-qazaqstandyq-studentterdin-magistranttar-men-doktoranttardyn-sakirtaqy-qansa-paiyzga-osedi/