Қаржы министрлігі неліктен балаларға Ұлттық қордан 170 доллар емес, 100 доллар түскенін түсіндірді
Жарияланған күні:
Читать на русскомСенат кулуарында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында неліктен бұрын жарияланғаннан аз сома аударылғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Өткен көктемде мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев 2024 жылы жаңа бағдарлама бойынша балаларға Ұлттық қордан 160-170 доллардан бөлінетінін мәлімдеген еді. Ол баланың жасы неғұрлым кіші болса, ол кәмелетке толғанға дейін соғұрлым көп қаражат жиналатынын атап өткен.
Бүгін журналистер Темірбековтен "Ұлттық қор – балаларға" жобасы бойынша неліктен 170 доллардан емес, 100 доллардан аударылғанын сұрады.
"Президент тиісті тапсырма берген кездегі есептеулер бойынша, шамамен 160 доллар деп айтылған. 2022 жылғы 1 қарашада президент тиісті тапсырма берді. Ол кезде елде 6,4 миллион бала болған. Бүгінде еліміздегі бала саны 6,9 миллионнан асады. Көрдіңіздер ме? Сондағы есеп бойынша бүгін бөлінген қаржы көлемі 695 миллион доллар болды. Осы соманы 6 миллион 919 мың 131 балаға бөлетін болсақ, онда (төлем сомасы – ред. ескерт.) 100 доллар 51 цент болады", - деді ол.
Бұл ретте ол бұл бағдарламаның толық пайдасын оған 18 жыл бойы қатысатын балалар көретінін атап өтті.
"Мен сіздерге түсіндірдім: инвестициялық кірістің жартысы 695 миллион доллар болды... қарапайым арифметика. Халықтың өсімі 400 мың адам болатынын болжауға болатын еді. Келесі жылы да халықтың табиғи өсімін күтіп отырмыз. Осыған сәйкес біздің алдымызда инвестициялық кірісті арттыру міндеті тұр", - деді спикер.
"Ұлттық қор – балаларға"
Қазақстанда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында Ұлттық қордан кәмелет жасына толмаған барлық қазақстандықтың шотына алғашқы төлемдер түсе бастайды. Заңнамаға өзгерістер енгізу туралы тиісті қаулыға қол қойылды.
Тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға сәйкес, жоба аясында балалардың шотына жыл сайын 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы түсіп отырады.
Бала 18 жасқа толған кезде оның жинағы нысаналы жинақтау шотына (НЖШ) аударылады. Кейін ондағы қаражатты тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады.
Ал жинақ иесі 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде төлемді алуға өтініш бермеген жағдайда шоттағы сома ерікті зейнетақы жарналары ретінде есепке алынып, оның жеке зейнетақы шотына аударылады.
Балаңыздың жинағы туралы ақпаратты бақылауға бола ма?
Кәмелет жасына толмаған қазақстандықтардың шотында қаражат жинақталғанша, олардың ата-аналары қанша қаражат жиналғанын тексеріп отыра алады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) баспасөз қызметі хабары бойынша, баланың жинағы туралы жалпы ақпаратты БЖЗҚ сайтынан немесе мобильді қосымшасынан білуге мүмкіндік бар. Ал толығырақ ақпарат алу үшін Электрондық үкімет порталына кіру керек.
Естеріңізге салайық, Ұлттық қордан төлем алу үшін баланы еш жерде тіркеудің қажеті жоқ. Жоба аясындағы көрсетілетін қызмет мемлекеттік органдардың дерекқорында сақталған ақпарат негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады.
Бірақ сарапшылар кәмелетке толмаған баланың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар-жоғын және оның дұрыстығын тексеруге кеңес береді.
Ең маңызды сұрақтардың жауабын мына жерде түсіндірген едік.
2024 жылғы 31 қаңтарда"Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында қазақстандық балаларға ақша түсе бастады. Балалардың шоттарына 100,52 доллардан (Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 45 050 теңге) қаражат түсті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2058637-qarzy-ministrligi-nelikten-balalarga-ulttyq-qordan-170-dollar-emes-100-dollar-tuskenin-tusindirdi/