Елімізде тоғызқұмалақ ойынының құрметіне коллекциялық монеталар айналымға шығады (фото)
Жарияланған күні:

Ұлттық банк TOǴYZQUMALAQ коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Ұлттық банк ресми сайтында.
TOǴYZQUMALAQ – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілген қазақтың ең көне ұлттық ойындарының бірі. Зияткерлік үстел ойыны логикалық ойлауды дамытуға арналған.
"Монеталар реверсі дизайнының негізіне ежелде қолданылған ойын тақтасының дәстүрлі нысаны алынды. Күмістен жасалған монеталарда TOĠYZQUMALAQ жазуы және шығарылған жылдың сандық белгісі алтын жалатылған ойын шарлары түрінде жасалған. Монетада 162 шар бейнеленген. Ойында да осы сан пайдаланылады. Монета реверсінің ортасында ою-өрнек орналасқан. Бұдан бөлек, дайындалған металды, сынамасын және массаны білдіретін жазулар бар", – дейді ұлттық банктің баспасөз қызметіндегілер.
Монеталардың аверсінде еліміздің мемлекеттік елтаңбасы ою-өрнек жолағымен көмкерілген. Елтаңбаның айналасында мемлекеттік тілде және ағылшын тілінде QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN жазулары, Ұлттық банктің логотипі мен монеталардың номиналы белгіленген.
Монеталар әр түрлі салмақ пен түрлі диаметрде жасалған.

Ұлттық банк коллекциялық монеталар - Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құны бойынша төлемдердің барлық түрі үшін қабылдауға, сондай-ақ еліміздегі барлық банкте банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жататынын еске салды.
Сондай-ақ Ұлттық банк монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланатынын атап өтті.


Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2001781-elimizde-togyzqumalaq-oiynynyn-qurmetine-kollekciyalyq-monetalar-ainalymga-sygady-foto/