"АҚШ-тың жаңа президентінің саясаты қалай болары белгісіз": Ұлттық банк басшысы мұнай нарығы туралы айтты
Жарияланған күні:

Сенаттың бүгінгі отырысында Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов геосаяси тұрақсыздық пен оның Қазақстанға тигізетін әсері туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, ел экономикасында аса маңызды рөл атқаратын мұнай нарығының қиын кезеңі басталды – мұнайдың қазіргі және алдағы уақыттағы әлемдік бағасы соңғы көрсеткішпен салыстырғанда төмен.
"Дегенмен Халықаралық валюта қорының қазан айындағы болжамы бойынша 2024 және 2025 жылдары жаһандық экономиканың өсімі 3,2 пайыз болады деген. Ал, Қазақстанның экономикалық көрсеткіші өсіп отыр. Осы жылдың 9 айында жалпы ішкі өнім 4,1 пайызды құрады. Барлық салада да өсім байқалады.
Қарашадағы жағдай бойынша жылдық инфляция аздап төмендеп, 8,4 пайызды құрады. Алайда бұл көрсеткіш Ұлттық банктің қойып отырған ең төмен 5 пайыздық көрсеткішінен әлі алыс.
Ақылы қызмет көрсету инфляциясы да қалыспай, қараша айының соңында 13,3 пайызға дейін жылдамдаған. Бұл "Инвестицияға айырбастау" бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына және бірқатар нарықтық қызметтердің бағасының өсуіне байланысты болып отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі импорттық бағалардың өсуінің арқасында 8 пайызға дейін өсті" - деді Сүлейменов.
Оның айтуынша, 2024 жылдың соңына қарай инфляция 8-9 пайыз аралығында болады деп күтілуде.
"Сонымен қатар инфляция болжамының тәуекелдері сыртқы секторда да, ішкі экономикада да бар екенін атап өткім келеді. Сыртқа секторға геосаяси тұрақсыздық, қаржы және тауар нарықтарындағы жоғары құбылмалылық жатады.
АҚШ-тың жаңа президентінің саясаты, оның ішінде тариф саясаты мен мұнай саласын дамыту жоспарлары бізге белгісіз. Сондай-ақ АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің әрекетін жіті бақылау қажет. Ресейге қарсы қосымша санкциялардың енгізілуіне байланысты геосаяси жағдайдың нашарлауы валюталық және қаржы нарығындағы құбылмалылықты арттырды" - деді Ұлттық банк басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2196564-aqsh-tyng-zhanga-prezidentining-saiasaty-qalai-bolary-belgisiz-qazaqstan-ulttyq-banki-munai-narygynyng-zhagdaiyn-aitty/