Қазақстанда енді барлық несие бойынша дауларды тегін шешуге болады
Жарияланған күні:

Қазақстанда банк омбудсменінің өкілеттігі кеңейтілді. Енді ол азаматтар мен банктер арасындағы несиенің барлық түрі бойынша дауларды шеше алады. Бұл жаңашылдық қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.
Қазақстанда биыл қарыз алушылардың құқықтарын күшейтетін бірнеше заңнамалық түзету енгізілді. Олардың бірі банк омбудсменінің өкілеттігіне қатысты.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 21 желтоқсаннан бастап банк омбудсмені енді барлық несие түріне байланысты қаржылық дауларды қарай алады. Бұрын оның қызметі тек ипотекалық несиелермен шектелетін.
Банк омбудсмені сотқа жүгінбей-ақ қаржылық дауларды шешуге көмектесетін тәуелсіз арбитр ретінде жұмыс істейді. Оның қызметі қарыз алушылар үшін тегін болмақ.
Дегенмен банк омбудсменіне жүгінбес бұрын, қарыз алушы алдымен өз несие берушісімен байланысуы қажет. Егер мәселе шешілмесе ғана омбудсменге жүгінуге болады.
Айта кетерлік жайт:
- Омбудсмен сотта қаралып жатқан істерге араласа алмайды.
- Егер іс бойынша жаңа мән-жайлар болмаса, қайта жіберілген өтініштер қаралмайды.
Агенттік бұл өзгерістер қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, қаржылық дауларды шешу жүйесін жетілдіретінін атап өтті. Енді тұтынушылық несие мен басқа да қарыз түрлері бойынша дауларды шешу бұрынғыдан жеңілірек әрі жылдамырақ болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2203983-qazaqstanda-endi-barlyq-nesie-boiynsha-daulardy-tegin-sheshuge-bolady/