Қаржы

Зектілері

Қазақстанда теңге депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме жойылады

Жарияланған күні:

банкідегі ақша
Ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстанда 1 наурыздан бастап теңге депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме алып тасталады. Енді еліміздегі барлық банк салымдар бойынша максималды сыйақы мөлшерлемесін өзі белгілей алады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап хабарлайды.

Қордың мәліметінше, 2008 жылдан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) барлық банк үшін шекті мөлшерлемені бекіткен. Дегенмен нарыққа бейімделген икемді механимздерді енгізу үшін ҚДКБҚ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, банктердің көпшілігі үшін теңге депозиттері бойынша шекті мөлшерлемені белгілеуді жойған.

"Ырықтандыру жағына қарай жасалатын келесі қадам – капиталдануы жақсыдан төмен банктер үшін теңге депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді жою.

2025 жылдың 1 наурызынан бастап, ҚДКБҚ теңге депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілемейтін болады. Капиталдануы жақсыдан төмен банктер сондай-ақ өздерінің депозиттік саясатын басқа банктер секілді нарықтық жағдайға сай белгілейтін болады.

Сонымен бірге егер капиталдануы жақсыдан төмен банктер өздерінің депозиттері бойынша мөлшерлемелерді айтарлықтай өсіретін болса (нарықтық мөлшерлемеге қарағанда жоғары+спред), бұл банк жүйесіне қосымша тәуекелдер болып тиеді.

Осыған байланысты мұндай банктер жүйелік тәуекел үшін төлейтін жарнаға қосымша ретінде мөлшерлемелердің шектен тыс асырылу дәрежесіне және депозиттерді тарту көлеміне қарай көтеріңкі жарна төлейтін болады", - делінген хабарламада.    

Сондай-ақ қор өкілдері депозит нарығындағы мөлшерлемелерді реттеу реформасын жүзеге асыруға байланысты 2025 жылғы ақпаннан бастап, ҚДКБҚ сайтында теңге депозиттері бойынша шекті мөлшерлемелер туралы ақпаратты жариялауды тоқтататынын еске салды.

"Оның орнына 2025 жылғы наурыздан бастап, ҚДКБҚ өзінің ресми сайтында бөлшек саудалық депозит нарығында қалыптасқан нарықтық мөлшерлемелер туралы мәліметтерді жариялайтын болады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер әлі де барлық банк үшін белгіленеді", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2223302-qazaqstanda-endi-depozitter-boiynsha-shekti-molsherleme-bolmaidy/