Билл Виола көрмесі және басқа да жобалар: Halyk Bank Almaty Museum of Arts бастамаларына қолдау көрсетті
Жарияланған күні:
Halyk Bank Қазақстанда заманауи өнерді дамытуға қолдау көрсетеді. Бұған банктің Almaty Museum of Arts мұражайымен стратегиялық серіктестігі мұрындық болмақ. Алматыда тиісті меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Меморандумға сәйкес, 2026 жылы Halyk Bank мұражайдың бірқатар бастамаcының бас серіктесі болады. Атап айтқанда, қаражат көрме қызметін кеңейтуге, халықаралық көрме жобаларын шақыруға және білім беру бағдарламаларын іске асыруға бағытталады.
Мұражай өкілдері бұл серіктестік мәдени бағдарламаны байытып, заманауи өнерді қалың бұқараға қолжетімді ететінін атап өтті. Басты оқиғалардың бірі - танымал америкалық суретші Билл Виоланың көрмесі болмақ.
Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, бас серіктестің болуы мұражай үшін дамудың маңызды кезеңі болып саналады.
"Біз үшін бұл өте елеулі оқиға, өйткені мұражайдың халықаралық көрмелерді шақыру, өнер туралы кітаптар шығару және білім беру бағдарламаларын іске қосу шығындарын бірге көтеріп алатын бас серіктесі пайда болды. Мұражай қызметін көшбасшы серіктеспен қатар атқару бізге маңызды болды.
Мұражай бір ғана адамның бастамасы емес, ортақ, азаматтық іс болуға тиіс. Біздің таңдау еліміздегі жетекші банк институты, жылдар бойы бері бірге жұмыс істеп келе жатқан Halyk Bank-ке түсті. Қысқа уақытқа созылған келіссөздерден соң банк бастамамызды қолдады, шешімнің тез қабылданғаны қуантады", - деді Нұрлан Смағұлов.
Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банктің бұл жобаға қатысуы мәдени бастамаларды қолдау екенін айтты.
"Біз Almaty Museum of Arts-тың бас серіктесі болып отырмыз және бұл біз үшін мәдениет пен өнерді қолдаудағы кезекті қадам. Біз үлкен әлеуметтік жобаларға көп инвестиция салып, қолдау көрсетеміз. Соңғы бес жылда Halyk Bank және Halyk қоры арқылы Қазақстанның әлеуметтік саласын дамытуға 62 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсадық. Бұл мұражайды жаңа мәдениетке және ұрпақ болашағына салынған үлкен инвестиция деп санаймын. Өйткені біз дамытамыз, оқытамыз, әлемдік шеберлерді шақырып, халықтың білім алуына мүмкіндік береміз. Бүгінде Almaty Museum of Arts тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның бетке ұстар нысанына айналған. Бұл жобаның бас серіктесі болу біз үшін үлкен мәртебе", - деп атап өтті Үміт Шаяхметова.
2026 жылы ынтымақтастықтың басты жобасы маусым айында ашылады деп жоспарланған "Билл Виола: әлемдер арасында" көрмесі болмақ. Экспозиция суретшінің Орталық Азиядағы алғашқы көрмесі. Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаеваның айтуынша, келушілерге автордың жеке көрме кеңістіктерінде орналасатын 15 бейнежұмысы ұсынылады. Жоба тәлімгері - автордың жұбайы әрі серіктесі Кира Перов.
Бұған дейін Билл Виоланың жұмыстары Нью-Йорктегі MoMA заманауи өнер мұражайында, Лондондағы Tate, Испаниядағы Guggenheim Bilbao және Париждегі Centre Pompidou сынды әлемнің ең ірі мұражайларында қойылған. Суретшінің видеоинсталляциялары адам өміріндегі өмір мен өлім, естелік, уақыт және рухани дүние сынды іргелі тақырыптарға арналған.
Сонымен қатар серіктестік аясында Гридтия Гавивонгтың тәлімгерлігімен қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның "Мен бәрін түсінемін" жобасының екінші бөлімі жалғасын табады. Алмагүл Меңлібаева - халықаралық деңгейде танылған мультидисциплинарлы суретші. Көрмеде оның 1980-жылдардың соңынан бүгінгі күнге дейінгі әртүрлі стиль мен форматтағы еңбектері ұсынылған. Суретші көркем суретпен шектелмей, өз еңбектерінде графика, видео, фотосурет, перформанс пен тоқыма маталарды да қолданады. Меңлібаева шығармашылығының ерекшелігі - өңірдегі мәдени, тарихи және әлеуметтік-саяси үдерістердің терең зерттеулеріне сүйенетінінде.
Мұражай директоры банкпен серіктестік тек көрмелерді ғана емес, сонымен қатар зерттеу және білім беру жобаларын да жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Біз Halyk Bank-пен баспа ісі бойынша серіктестікті бастаймыз. Алмагүл Меңлібаева мен Билл Виоланың екі каталогы жарық көреді. Бұл каталогтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып, біздің ауқымды зерттеу жұмысымыздың бастауы болмақ", - деді Татьяна Ходжаева.
Серіктестік аясында білім беру бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді. Олардың шеңберінде тек кәсіби орта үшін ғана емес, жалпы халыққа арналған дәрістер мен шеберлік сағаттары өткізілмек. Бұл қазақстандықтарға заманауи өнермен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/banks/2350938-bill-viola-kormesi-zhane-basqa-da-zhobalar-halyk-bank-almaty-museum-of-arts-bastamalaryna-qoldau-korsetti/