"Шығын 900 млн теңгеден асады": ҚМА өкілдері Қазақстаннан жанар-жағармай қалай заңсыз экспортталып жатқанын айтты
Опубликовано:
Жыл басынан бері Қазақстанда 900 миллион теңгеден астам сомаға мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы тіркелген. Елімізде жанар-жағармай экспортына бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпарат бойынша, шекара маңындағы өңірлерде жанар-жағар майды елден шығаруға қарсы бірлескен бақылауды күшейту мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігінде ІІМ, автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің басшылығы, сондай-ақ Энергетика министрлігінің, ТЖМ, ҰҚК Шекара қызметінің, ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің және "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ өкілдері ведомствоаралық кездесу өткізген.
"Қазіргі уақытта қуаты аз мұнай өңдеу зауыттарында өңделген жанар-жағар май ағындары мен "сұр" экспорттың күшею қаупі бар.
Баға айырмашылығынан жанар-жағармай жеңіл автокөліктердің зауытта қондырылған немесе қолдан жасалған бензин бактарында ел аумағынан заңсыз шығарылады.
Тек Қазақстан – Қырғыз шекарасында айына осындай тәсілмен 10 мың тоннаға дейін ЖЖМ әкетіледі", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Агенттік өкілдері жағармай құжаттарына жалған ақпарат жазылып, теміржол цистерналарымен тасымалдау фактілері кездесетінін атап өтті.
"Осыған байланысты жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу бойынша одан әрі бірлескен шаралар талқыланып, мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу жөніндегі мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленді.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын жалғастыру үшін, заңсыз айналымын азайтуға бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шараларды өткізу ұсынылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мұнай өнімдерінің "көлеңкелі" айналымын төмендетуге бағытталған жүйелі жұмысының нәтижесінде автомобиль және теміржол көлігімен жанар-жағармайды заңсыз өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау фактілері анықталып, тергеліп жатыр", - дейді ведомство өкілдері.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 21 қылмыстық іс тіркелді, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы құны 900 млн теңгеден астам сомаға 3,5 мың тоннаға жеткен.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз