"Іскер жандарға беріледі": БҚО-да игерілмеген 74 мың га ауылшаруашылық жері мемлекет меншігіне қайтарылды
Жарияланған күні:

Биыл Жайық өңірінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 74 мың га жер пайдаланылмай жатқаны анықталды. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сәйкес, елде игерілмей жатқан жерлерді кері қайтаруға басымдық берілді. Бас прокуратураның мәліметінше, жылдың соңына дейін 1 млн га учаске мемлекет меншігіне өтеді. БҚО-да дәл осы мақсатта атқарылған жүйелі жұмыс нәтижесінде 74 мың га жер толық қайтарылған. Қазіргі таңда жылжымайтын мүліктерді іскер жандарға табыстау үшін арнайы конкурстар өткізіліп жатыр.
"Ағымдағы жылы аудандарда 169 жер учаскесі конкурсқа шығарылды. Соның 148-і іскер жандарға табысталды. Жергілікті атқарушы органдармен бірге қалған жер учаскелері бойынша тағы конкурс өткізу жоспарланып жатыр", - деді басқарма басшысы Нұржан Мақсотов.
Ал кәсіпкерлік мақсаттағы 109 жер учаскесі бойынша онлайн аукциондар ұйымдастырылды. Электронды сауда-саттық жүйесі уақытты үнемдеп, саланың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етіп келеді. Әрі бәсекелестікті арттырып, сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алуға мүмкіндік берді.
Геопортал тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерін үлестіру кезінде де қолданылады. Былтырдан бастап Орал мен Ақсай қалаларында өтінімдер бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып жатыр.
"Ақпараттық жүйе платформасында қажетті келіссөздер жүргізіледі. Олардың нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін беру туралы шешім қабылдайды. Биыл қазан айына дейінгі жағдай бойынша, Ақсай және Орал қалаларында жер учаскелерін алуға 2599 өтінім түсті. Соның ішінде 879 өтінім мақұлданды", - деді Нұржан Мақсотов.
Ал қалған өтінімдердің жартысынан көбі кері қайтарылса, кейбірі әлі қаралу үстінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2177801-isker-zhandarga-beriledi-bqo-da-igerilmegen-74-myng-ga-auylsharuashylyq-zheri-memleket-menshigine-qaitaryldy/