Қаржы

Зектілері

"Олардың күнкөрісі төмендеп кетуі мүмкін": депутат Түркістан облысы диқандарының мәселесін көтерді

Жарияланған күні:

Мақта терімі
Мақта терімі. Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге мақта шаруашылығын дамыту жөнінде депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мәжілістің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Темір Қырықбаевтың сөзінше, бүгінде мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылым бар. Онда Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сауран, Ордабасы, Арыс, Отырар, Бәйдібек, Келес аудандарының тұрғындары жұмыс істейді. Яғни, 70 мыңға жуық адам осы мақта арқылы күн көріп отыр. 

"Елімізде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс жолға қойылмағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспортқа тәуелді болып отыр. Сол себепті Түркістан өңірінде мақта бағасының тұрақсыздығы егемендігімізді алған жылдан бері еш шешілмей келеді. Бұл мәселе бойынша диқандар Үкімет үйіне, Парламент қабырғасына, Ауыл шаруашылығы министрлігіне талай рет барды, алайда мәселенің шешімі табылар емес. 

Бүгінде биржа индексі 84,5 бірлікті құрап отыр, теңге бағасына шаққанда тоннасы 238 мың теңгені құрайды. Мақта нарығына шетелдік компаниялардың қызығушылығы төмендігінен, шитті мақтаны қабылдау бағасы биыл тоннасына 150-190 мың теңгеге болжамдалған", - деді Қырықбаев.  

Депутат басқа мемлекеттерде өндірілетін өнімнің сатылым бағасындағы шығынының айырмашылығы мемлекет есебінен төленіп отырғанын айтты.

"Осы тәжірибені біздің мемлекетімізде мақта дақылын өсіріп жинаумен айналысатын шаруаларға енгізіп, мақтаға жұмсалған шығынды мақта бағасындағы айырмашылығын мемлекет есебінен төлеп отыруды қолданысқа енгізу қажет деп санаймын. 

Сонымен қатар Түркістан өңірінде мақта өңдеу зауыттары өндірістік шығындарды төмендетіп, өнімді сатып алу құнын ұлғайту бойынша мақта өңдеу зауыттарына (ОКЭД 13 101) электр энергиясын көтерме бағада сату жөнінде өз ұсыныстарын білдіруде. Мақта зауыттары алдыңғы жылдары 1 квт пайдаланылған электр энергиясына – 27 теңге төлесе, 2024 жылдан бастап 1 квт – 37 теңге төлеп отыр", - деді депутат.

Темір Қырықбаевтың айтуынша, көтерме бағаны пайдалану үшін орташа тәуліктік (базалық) қуаттың кемінде 1 МВт көлемін тұтыну керек.

"Алайда облыстағы мақта өңдеу зауыттары мұндай көлемде электр энергиясын пайдаланбағандықтан, аталған жеңілдікті пайдалану мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан 1 МВТ шектік норманы 0,5 МВТ дейін төмендету керек шығар?!

Тағы айта кететін жайт, Түркістан облысында қауын-қарбыз, қырыққабат егіншілігімен айналысатын шаруалар осы егуге жұмсалған шығындарды өтей алмай жүр. 

Осы және мақта мәселесін тез арада шешпесек, диқандардың күнкөріс деңгейі төмендеп кетуі әбден мүмкін, ал бұл өз кезегінде жақсылыққа апармайтыны анық", - деді депутат.

Айта кетейік, Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2178266-olardyng-kunkorisi-tomendep-ketui-mumkin-deputat-turkistan-oblysy-diqandarynyng-maselesin-koterdi/