Қаржы

Зектілері

Адамдардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды: өндірістік жарақаттанудың алдын алу үшін не істеу керек

Жарияланған күні:

Құрылысшының жазатайым оқиғасы
Көрнекі фото: depositphotos.com

Жұмыс барысында жұмысшылар өндірістік жарақаттар алып қалатын кездер болады. Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі мәселелері және жұмыс беруші орындауы тиіс талаптар туралы NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

Жұмысшылардың өндірісте алған жарақаттарының басым көпшілігі еңбекті қорғау талаптарын сақтамау салдарымен байланысты. Жұмыс берушілер бұл ережеге жеткіліксіз көңіл бөлмегендіктен, кәсіпорындарда жарақаттар мен жазатайым оқиғалар тіркеледі.

Өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі – еңбек процесінің дұрыс ұйымдастырылмауы. Оның ішінде, қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, технологиялық процестердің бұзылуы, қажетті қорғаныс құралдарының болмауы немесе дұрыс пайдаланылмауы, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытудың жеткіліксіздігі және жұмыс орындарының сәтсіз ұйымдастырылуы.

Қызметкерлерді арнайы киіммен, аяқ киіммен, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады. Егер жұмыс беруші бұл туралы ойламаса, жұмысшылардың өндірістік жарақат алу қаупі айтарлықтай артады.

"Елімізде еңбек қауіпсіздігі мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Көптеген жұмыс берушілер еңбекті қорғаудың қарапайым ережелерін сақтамайды, соның кесірінен қызметкерлер жарақат алып, толық жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылады. Бұл өліммен аяқталатын жағдайлар туралы айтпағанда. Көп жағдайда жұмыс берушілер өз ақшаларын үнемдейді", - деді заңгер Юрий Никольский.

Айта кету керек, бірқатар жағдайда өндірістік жарақат қызметкер тарапынан кеткен қателіктің кесірінен болуы мүмкін. Кейде кәсіпорын қызметкерлері белгіленген қауіпсіздік ережелерін сақтамайды немесе еңбек міндеттерін тиісті емес физикалық жағдайда орындайды. Қызметкерлер біліктілігінің төмендігі де кәсіпорында жарақат алуға себеп болуы мүмкін.

"Маңызды мәселе – кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігіне жауап беретін бөлімдер мен қызметтер барлық жерде дұрыс жұмыс істемейді. Көптеген компаниялар бұл мәселеге көңіл бөлмей жатады. Нәтижесінде формализм адамның жарақаттануына немесе мүгедектікке әкеледі. Сондықтан формализмді жою үшін мемлекет тарапынан қатаң бақылау қажет", - деп атап өтті Юрий Никольский.

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу үшін еңбекті қорғау бөлімі ұйымдастыратын түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі талаптарына және алғашқы медициналық көмек көрсету ережелеріне оқыту маңызды рөл атқарады.

Кәсіпорында қолданылатын жабдықтардың дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізу үшін жүйелі түрде тексеру жұмыстарын ұйымдастыру керек. Қауіпті немесе қолайсыз еңбек жағдайларына тартылған қызметкерлер арнайы киіммен және қажетті жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілуі тиіс.

Кәсіпорын аумағында жабдықтарды, техникалық құралдарды, қосалқы бөлшектерді, қауіпті қалдықтарды сақтауға арналған арнайы орындардың болуы маңызды. Төтенше жағдай туындаған жағдайда қызметкерлердің жұмыс орны, өткелдер мен дәліздер әрбір адам объектіден шұғыл түрде кете алатындай бос болуы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2189375-adamdardyng-qauipsizdigi-barinen-mangyzdy-ondiristik-zharaqattanudyng-aldyn-alu-ushin-ne-isteu-kerek/