Қаржы

Зектілері

Газға бола кезекте 5-6 сағат тұрады: энергетика министрі тұрғындардың шағымына жауап берді

Жарияланған күні:

Газ тапшылығы
Газ тапшылығы. Көрнекі фото: pixabay.com

Мәжіліс отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстандағы автогаз тапшылығы қашан шешілетіні туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Қазір адамдар газ алу үшін 5-6 сағат кезекте тұруға мәжбүр. Бір жерде бес минут күтудің өзі оңай емес", - деп наразылық білдірді депутат Самат Мұсабаев.

Министрдің айтуынша, сұйытылған мұнай газына ай сайын 160-170 мың тонна көлемінде сұраныс түседі, ал қолда бар қор 130-140 мың тонна шамасында.

"Министрлік осы көлемді әкімдіктер арасында әділ бөліп отыр. Олар өз кезегінде газдың қай желіге және қандай жанармай құю станцияларына бөлінетінін анықтайды. Егер бір аймақта тапшылық туындаса, біз басқа өңірлерден қосымша ресурстар іздеп, оны жетіспейтін жерлерге жібереміз", - деді министр.

160 мың тонна сұраныс пен 130 мың тонна ұсыныс арасындағы алшақтықты жою үшін министрлік бірнеше шара қабылдаған.

"Біз "Теңізшевройлмен" келісімге келдік. Коммерциялық ресурстардан бұрын ай сайын экспортқа жіберілуге тиіс болған 20 мың тонна газды ішкі нарыққа қайтарамыз. Газ коммерциялық бағамен сатылатындықтан, ірі дистрибьюторлар мен жанармай құю станциялары оны еш қиындықсыз сатып ала алады", - деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, министрлік тапшылық мәселесін түбегейлі шешу жағын да ойластырып қойған.

"Біз "Қашағанмен" өте жемісті келісім жасадық, енді "Қазгаз" үш жыл бойы сұйытылған мұнай газының операторы болады, осы келісім арқылы ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу мәселесі толығымен шешіледі деп ойлаймыз", - деп түйіндеді сөзін Сәтқалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2192027-gazga-bola-kezekte-5-6-sagat-turady-energetika-ministri-turgyndardyng-shagymyna-zhauap-berdi/