Қаржы

Зектілері

"Айына 280-300 мың тонна келеді": Шымкентте қоқыс полигоны 85 пайызға толған

Жарияланған күні:

Шымкенттегі қоқыс полигоны
Шымкенттегі қоқыс полигоны: ontustiktv.kz

Шымкенттегі жалғыз қоқыс полигоны 85 пайызға толды. Сала мамандары қалдықтарды сұрыптау және оны қайта өңдеу ісі қолға алынбағандықтан, алдағы 2 жылда жабылуы мүмкін екенін айтады. Осыған қатысты жергілікті әкімдікте жаңа полигон құру туралы бастама көтеріліп, зауыт салуға инвестор тарту мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Ontustiktv.kz.

Телеарна мәліметінше, полигонға төгілген тұрмыстық қалдықтардың 35 пайызы қол күшімен сұрыпталады. Жүзге тарта жұмысшы тұрақты еңбекке тартылып, пластмасса мен полиэтилен пакеттерді, темір бұйымдар мен кәдеге жарайтын қалдықтарды жинайды. Өндірістік шикізаттан түскен табыс солардың жалақысына жұмсалады.

"Бізге айына 280-300 мың тонна күл-қоқыс келеді. Оның кәдеге жарамайтыны жер астына көміледі. Алдағы 2 жылда полигонымыз толып қалу ықтималдығы жоғары", - дейді қоқыс полигонының учаске басшысы Нұрқанат Алдабергенов.

Қалдықтарды сұрыптау ісін экологтар да құптамайды. Олар заңнама талаптары сақталмаса, экологиялық апаттың зардабы көбейе түсетінін айтады. Бұған дейін жергілікті жұрттың шағымынан соң тексеру тағайындалып, өрттің шығуына байланысты бірнеше рет айыппұл салынған. Ал әкімдікке полигон жұмысын жаңғырту туралы нұсқау берілген.

"Сұрыптау тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр, терең сұрыптау жұмысын жүргізу керек" деп әкімдікке бірнеше рет хат жолдағанбыз. Өз кезегінде әкімдік инвестор мәселесін қарастырып жатқанын айтты", - дейді Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.

Ақтас полигоны бұған дейін жеке кәсіпкердің басқаруында болған. Ол 5 гектар жерге заманауи зауыт салғанымен, оны толық қуатында іске қоса алмаған. Қоқысты қабылдау және қалдықтарды сұрыптау технологиясы бұзылғандықтан, қайта мемлекет иелігіне қайтарылған. Қазір жергілікті билік өкілдері қайта инвестор тарту ісін қолға алды.

"Жаңа полигон құрылысын салуға жер телімі бөлінді, сонымен қатар заманауи технологиялар қарастырып, сол жер телімінің жанында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыт құрылысын салуды пысықтаудамыз. Ол бойынша бірнеше инвестор келіп жатыр", - дейді Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Гүлнар Ермекбаева.

Телеарна мәліметінше, қала аумағынан жаңа полигонды құруға 22 гектар жер телімі бөлінген. Басқарма тарабынан қалдықтарды өңдеп, энергетикалық кәдеге жарату жобасы әзірленді.

Қазір салалық министрлікте электр тарифін бекіту мен зауыт салуға ашық аукцион өткізу ісі пысықталып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2193398-aiyna-280-300-myng-tonna-keledi-shymkentte-qoqys-poligony-85-paiyzga-tolgan/