Қаржы

Зектілері

Шымкентте 1,5 млн доллар тұратын трансформатор шығарылады

Жарияланған күні:

Трансформатор
Трансформатор. Видеодан кадр: ontustiktv.kz

Бүгінде Шымкентте 5 индустриалды аймақ бар. Онда лифт және құрылыс крандарына қажетті бөлшектер, медициналық жабдықтар, жарықтандыруға қажетті құрылғылар өндіріледі. Сондай-ақ тағы басқа да бағыттар мен салаларды қамтитын 293 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Ontustiktv.kz.

Телеарна мәліметінше, үшінші мегаполисте құны 1,5 млн доллар болатын жоғары кернеулі трансформаторлар шығарылады. Жылына аталған құрылғының 120 данасын даярлайтын зауыт оның 60 пайызын ішкі нарыққа, 40 пайызын экспортқа жөнелтеді. Жауаптылар өндірістің сапасы сын көтереді, стандарттарға сай келеді деп отыр.

Ал Шымкент кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов саладағы кем-кетіктер мен жетістіктерді жіпке тізіп, соңғы 10 айда атқарылған жұмыстарға есеп берді.

"Бір трансформатор 1,5 млн доллар тұрады. Оның бір данасын құрастыру үшін 1 жыл уақыт кетеді. Өйткені оның сапасы стандарттарын жіті тексерістен өткізу  қажет", - дейді Ермек Тұрманов.

Биыл Шымкентте мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 48,8 мың тоннаны құраған. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 805 млрд теңгеге жетіп отыр. Негізгі капиталға тартылған инвестициялардың көлемі де едәуір артып, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға өскен. Жылдық жоспар межесіне жетіп,  275,7 пайыз орындалған.

"Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғалы инвестиция көлемі 3 есе артты. 2019 жылы 195 млрд теңге, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 662 млрд теңге инвестиция тартылды", - деді Ермек Тұрманов.

Қазір мегаполистің өнеркәсіп саласында 981 кәсіпорын белсенді жұмыс істеп тұр. Оның 19-ы ірі, 46-сы орта және 916-сы шағын өндіріс орындары. Соңғы он ай ішіне аталған кәсіпорындар 913,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, былтырғы межеден 2 пайызға озған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2198720-shymkentte-1-5-mln-dollar-turatyn-transformator-shygarylady/