Шымкентте заманауи өндірістік кешен салынып жатыр
Жарияланған күні:

Шымкенттің демографиялық өсіміне байланысты ауылшаруашылық жері тарылды. Сондықтан егістікті тиімді пайдаланып, заманауи өндірістік кешен салуға басымдық беріліп отыр. Биыл инвестициялық құны 50 млн АҚШ доллары болатын орталық Азиядағы ірі жылыжайдың құрылысы басталды. Жалпы 650 гектар жерде көкөніс өсіріліп, 5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ, деп хабарлайды Ontustiktv.kz.
Телеарна мәліметінше, ірі жоба халықаралық ынтымақтастық келісімі аясында жүзеге асырылады. Түрік компаниясының өкілдері агроөнеркәсіпті дамыту үшін соңғы технологияларға инвестиция құюға ниетті. Шағын және орта бизнес әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке оң әсер етті.
Қалада барлығы 200 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, тамақтану орындары мен қызмет көрсету, өндіріс пен өнеркәсіп құрылды. Ал азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі үшін жаңа индустриялық аймақта 10 инвест жоба жүзеге асырылып жатыр.
"Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімі жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 56 пайызды құрайды. Бұл бізде 2018 жылы небәрі 36 пайызды құраған болатын. Цехтан бастаған кәсіпорындар біздегі индустриялық аймақтардан үлкен жобаларын жүргізу үшін құжаттарын өткізіп, "Бозарық" тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағындағы алғашқы жобалардың бірі желтоқсанда іске қосылады", - дейді Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов.
Қазір түрік инвесторлары шикізат қорын толықтырып, қондырғыларды соңғы тәжірибелік сынақтан өткізіп жатыр. Жергілікті 150 адам үш ауысыммен жұмыс істеп, тәтті мармелад өнімдерін шығарады.
"Ұн керек, қант керек. Ең жақсы ұн Қазақстанда. Содан кейін осы жерді таңдадық. Өзбекстан болсын, Қырғызстан болсын, Әзербайжан болсын, мұндай зауыт жоқ. Біз бірінші болып ашып жатырмыз. Сату басталғаннан кейін біз өзіміз арзан сатамыз", - дейді зауыт өкілі Ильяс Узун.
Президент әлем елдерімен сауда-саттық айналымын жақсарту үшін Шымкент әуежайын мультимодольды орталыққа айналдыру міндетін жүктеді. Жергілікті мамандар әуе кемелерінің жолын жаңғыртып, логистиканы жетілдіру мақсатында сметалық-құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жолдады. Оң қорытындысы шықса, ұшып-қону жолағы ұзартылып, жүк көтеру қабілеті 60 пайызға арттырылады.
"Бұл жобада біздің Шымкент қаласы барлық ұшақтың типтерін қабылдай береді. Яғни, ешқандай шектеу болмайды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты көбіне шектеу болатын. Мұның бәрі алынып тасталады. Бұл өз кезегінде әуе-жүк тасымалына оң септігін тигізетіні сөзсіз", - дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.
Биыл Шымкент қаласының экономикасы 12 пайызға артқан. Екі индустриалды аймақ іске қосылып, 536 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Барлығы 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, әлеуметтік көмек алушылардың қатары былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2203814-shymkentte-zamanaui-ondiristik-keshen-salynyp-zhatyr/