309 733 теңге: шымкенттіктердің жалақысы неге Астана мен Алматыдан әлдеқайда төмен
Жарияланған күні:

Ресми статистикаға сүйенсек, Шымкентте жалақының жылдық өсімі 16,1 пайызды құраған. Десе де халықтың нақты табысы Астана мен Алматыға қарағанда айтарлықтай төмен күйінде қалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2024 жылдың үшінші тоқсанындағы орташа номиналды жалақы:
- Астанада — 504 212 теңге;
- Алматыда — 471 264 теңге;
- Шымкент қаласында — 309 733 теңге.
Жан басына шаққандағы ақшалай табысты салыстырған кезде де үшінші мегаполисте айтарлықтай алшақтық байқалады: Шымкентте ол бар болғаны 127 857 теңге.
Экономист Бекнұр Қисықов жалақыдағы айырмашылықты факторлардың жиынтығымен түсіндірді.
"Шымкент 2018 жылдың маусым айына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып, ауылшаруашылық аймағымен байланысты болып келді. Белгілі бір мағынада Шымкент — ауыл шаруашылығы саласының орталығы болды. Ал Алматы мен Астана Қазақстанның негізгі ресурстары мен бюджеті шоғырланған қаржы-экономикалық және әкімшілік орталықтары болып қала береді. Сондықтан ондағы мамандар әдетте жоғары жалақы алады.
Сондай-ақ жалақы деңгейі өмір сүруге кететін қаражатқа тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Мысалы, Шымкентте өмір сүру Алматы мен Астанаға қарағанда арзанырақ. Екі мегаполисте тұрғын үй, көлік және қызмет көрсету құны бұрыннан қымбатырақ болып келеді", — дейді Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Б. Қисықов.
Сондай-ақ, ол Шымкент өзінің мегаполис мәртебесіне қарамастан Астана және Алматымен салыстырғанда жоғары білікті кадрлары шектеулі және мемлекеттік қолдау деңгейі мен инвестиция көлемі бойынша айырмашылығы бар қала болып қала беретінін атап өтті.
Ал әлеуметтанушылар жергілікті халықтың өсімі мен мегаполис мәртебесінің берілуі экономикалық дамуды айқындағанымен жалақының жоғарылауына алып келетін негізгі фактор еместігін жеткізді.
Сонымен қатар кейбір кәсіпке негізделген қалаларда да жалақы мамандыққа қарай өзгеруі мүмкін. Әсіресе, мұнай өңдеуші қалаларда жалақы жоғары келеді.
Аймаққа байланысты жеке қалаларда да жалақыда айырмашылық бар. Мысалы, өнеркәсіптік аймақта табыс айтарлықтай жоғары болса, тұрғындары біліктілігі төмен кәсіпте жұмыс істейтін шет аймақтарда төмен болуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2212734-309-733-tengge-shymkenttikterding-zhalaqysy-nege-astana-men-almatydan-aldeqaida-tomen/