Қаржы

Зектілері

Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежай құрылысы басталды

Жарияланған күні:

әуежай
Әуежай. Көрнекі фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Президенттің тапсырмасына сәйкес ішкі туризмді және жолаушылар әуе тасымалын дамыту мақсатында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Көлік министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Көлік министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, бұл жобалар өңірлердегі экономиканың дамуына жаңа импульс береді, сондай-ақ отандық және шетелдік туристер ағынын арттыруға және жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Ведомстводағылар осы ретте былтыр үш жаңа жолаушылар терминалы пайдалануға берілгенін атап өтті. Мәселен, Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жолаушылар терминалының өткізу қабілеті ұлғайған.

Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалы – объектінің өткізу қабілеті жылына 2,5 млн-нан 14 млн жолаушыға дейін өсті. Отандық авиакомпаниялар Air Astana, SCAT, Qazaq Air, Fly Arystan Қазақстанның 19 қаласына тұрақты рейстерді орындайды. Ал халықаралық әуе қатынасын әлемнің 26 елінде 50 бағыт бойынша 30 шетелдік авиакомпания орындайды.

Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының - өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн жолаушыға дейін өсті. Жаңа терминал халықаралық әуе маршруттарының санын 10-ға, рейстерді аптасына 24-ке дейін арттырды. Джидда, Медина (КСА), Доха (Катар), Фукуок (Вьетнам) және Пхукетке (Тайланд) әуе қатынасы ашылды.

Қызылорда қаласының "Қорқыт Ата" халықаралық әуежайының өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін өсті. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласынан 25 ішкі рейс орындалып жүр.

Көлік министрлігі өкілдері соңғы жылдары әуе көлігі жолаушылар үшін ыңғайлы әрі тартымды болып жатқанын айтады. Қазақстанда жыл сайын әуе тасымалы 10-15 пайызға артады. 2024 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн-ға жуық адамды тасымалдады, әуежайлар 30 млн жолаушыға, оның ішінде шетелдік әуекомпаниялар мен азаматтарға қызмет көрсетті. 2024 жылы жүк тасымалы көлемі жылына 28 мың тоннаға ұлғайды.

Бұл ретте ведомство өкілдері отандық компаниялардың ұшақтар паркі жыл сайын 10-15 ұшаққа толықтырылатынын атап өтті. Бүгінгі күні әуе кемелерінің саны - 102 ұшақ.

Бүгінгі таңда Қазақстаннан халықаралық әуе қатынасы 31 елмен (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иран, Оман, Египет, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) аптасына 582 рейс жиілігімен 117 бағыт бойынша орнатылды.

Айта кетейік, Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі – 82 пайыз. Бұл — ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш. Дания мен Польша сияқты Еуропа Одағы елдерімен салыстыруға келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2213939-zaisan-qatonqaragai-zhane-kendirli-kurorttyq-aimaqtarynda-auezhai-qurylysy-bastaldy/