Қаржы

Зектілері

Сарыағашта тұрып қалған 42 вагон картопқа қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері пікір білдірді

Жарияланған күні:

картоп
Картоп. Көрнекі фото: pixabay.com

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Сарыағаш станциясында шекарадан өткізілмей, бірнеше күн тұрып қалған тонналаған картоп партиясына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүк жөнелтушілер 2,7 мың тонна картоп партиясына фитосанитариялық сертификаттарды үшінші елдерге көліктің барлық түрімен әкетуге тыйым салғанға дейін алған.

"Алайда "Сарыағаш" станциясында шекарадан өту кезінде жүк жөнелтушілерге қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталды, соның ішінде картоп құнының айтарлықтай төмендеуіне байланысты сұрақтар туындады. Құжаттарға сәйкес экспортқа сатылым картоптың килограммына 40-50 теңге деп белгіленген. Сол себепті вагондар барлық жағдай анықталғанға дейін ұсталды", - делінген хабарламада.

Құжаттаманы тексергеннен кейін 42 вагон картоп Өзбекстан Республикасының аумағындағы межелі жерге жіберілген.

"Сондай-ақ тексеру кезінде кәсіпкерлерде тауардың бүліну қаупі төнген жағдайда картопты ішкі нарыққа бәсекелестік бағамен сатуға мүмкіндік болды.

10 жүк жөнелтуші де картоптың жай-күйіне қатысты мемлекеттік органдарға шағым түсірмеген", - дейді министрліктегілер.

Еске сала кетейік, Қазақстанда картоп бағасының күрт өсуіне байланысты үшінші елдерге картоп жөнелту уақытша тоқтатылды. Тиісті шешім 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданды.

Кейін Сауда және индустрия министрлігіне қарасты Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев үкімет отырысынан кейін бағасы шарықтап кеткен картопқа қатысты жағдайға түсінік берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2216811-saryagashta-turyp-qalgan-42-vagon-kartopqa-qatysty-auyl-sharuashylygy-ministrligining-okilderi-pikir-bildirdi/