Кепілсіз несие, экспортты дамыту: биыл үкімет отандық бизнесті қолдауға қанша теңге жұмсайды
Жарияланған күні:

Биыл отандық бизнесті қолдауға сегіз триллион теңге жұмсалады. Мұндай қомақты қолдау бұрын-соңды болмаған. Қаражат экспорт, тұрғын үй құрылысы, негізгі инвестициялық және басқа да жобаларды дамытуға бағытталады. Сәйкесінше, кепілдік қорлары пайда болады, деп хабарлады 24.kz.
Бизнесті дамытуға 8 трлн теңге бағытталады
Үкімет экономиканың нақты секторын ауқымды қаржыландыру арқылы іскер азаматтардың бизнесін дөңгелетуге көмек қолын созбақ. Сондықтан үкімет бірқатар ауқымды бағдарламаны іске қосады. Бизнесті дамытуға 8 трлн теңге бағытталады. Үкімет қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Сонымен қатар "Бәйтерек" холдингі де екінші деңгейлі банктермен және халықаралық қаржы институттарымен бірге еліміздің экономикалық дамуына және мемлекет басымдық беріп отырған бағдарламаларды қаржыландыруға дайын. Бәйтеректің қаржыландыру сомасы 7,3 трлн теңгені құрайды. Биыл 3,7 трлн теңге қарастырылған. Холдингтің кепілдігі 2,2 трлн теңгеге немесе 30%-ға дейін жетуі мүмкін. "Бәйтерек" елдегі инженерлік желілерді жөндеуге де қол ұшын созатын болды.
"Бәйтерек отандық өнімдерді пайдалануға басымдық беруді қолдайды. Бұл жергілікті өндірісті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға және импортқа тәуелдікті азайтуға мүмкіндік береді", - дейді "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.
Экспортқа бағдарланған жобалар
Отандық экспорттаушылар үшін сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру құралдары кеңейтіліп жатыр. Бұл өндірушілердің жаңа нарықтарға шығуына жол ашады. Қазір елде экспортқа бағдарланған жобалар пулы қалыптастырылып жатыр.
Негізгі бағыттарды атап өтсек, бұл - Қытай, Орталық Азия, Еуропалық одақ аумағы. Мақсат - ірі шетелдік сатып алушылармен әріптестікті күшейту. "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" саланы қолдау құралдарын ұсынып отыр. Бұл шаралар қазақстандық өнімді жаңа нарықтарға шығарып қана қоймай, тауар өндірушілердің позициясын нығайтуды көздейді.
Шағын және орта бизнес иелеріне "Даму" қоры кепілгер болады
Шағын және орта бизнес иелеріне де жағымды жаңалық бар. Олар үшін бұрын банктен кепілсіз несие алу мұң еді. Енді банктердің алдында "Даму" Қоры кепілгер болады. Ол кәсіпкерлерге ірі активтерсіз де несие алуға мүмкіндік береді.
2028 жылға қарай кепілдіктердің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін өспек. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 148% - ға артық. Егер бір жыл бұрын кепілдіктер арқылы 8 212 жобаға қолдау көрсетілсе, енді жыл сайын 50 000 жоба көмек алады деген жоспар бар. "Даму" қоры тек биылдың өзінде шағын және орта бизнестің 30000 жобасына 1,7 трлн теңгеге қолдау көрсетеді.
Автор: Айнұр Қуатқызы, Нұрсұлу Өмірхан
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2222897-kepilsiz-nesie-eksportty-damytu-biyl-ukimet-otandyq-biznesti-qoldauga-qansha-tengge-zhumsaidy/