Қаржы

Зектілері

Қазақстанда жаңа ереже бойынша тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Жалғы берілетін тұрғын үй
Тұрғын үй. Көрнекі сурет: pixabay.com

24 мамырдан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегін реттеу "Отбасы банк" құзыретіне өтеді. Бұдан әрі пәтер алуға өтінішті Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы арқылы беру керек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жақында Қазақстанда Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы іске қосылады. Бұл электронды жүйе азаматтардың атында жылжымайтын мүлік бар-жоғын, отбасылық жағдайын тексереді және адамның қатысуынсыз, автоматты түрде тізім жасайды.

Бұл өзгеріс 24 мамырдан бастап жүзеге асады. Ал жаңа жүйені, соның ішінде тұрғын үй кезегін ұлттық даму институтына айналатын "Отбасы банк" басқарады.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының қатарына жатпаса да, Қазақстанның кез келген азаматы кезекке тұруға өтініш бере алады, бірақ өтініш қабылдануы үшін олар келесі талаптарға сай болуы керек:

  • соңғы бес жыл ішінде жеке баспанасы жоқ;
  • қолданыстағы үйі апатты жағдайда деп танылған азаматар.

Ал Индустрия және құрылыс министрлігі азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою ережелерін бекіткен бұйрық жариялады. Құжат НҚА-ның электронды түрдегі Эталондық бақылау банкінің сайтында жарияланған.

Жаңа жүйе бойынша кезекке тұру үшін қазақстандықтар:

1. "Отбасы Банк" интернет-ресурсының жүйесіне электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіру;

2. жеке кабинет ашу және өтініш беру;

3. Егер Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғын үй алуға құжат тапсыратын болсаңыз, соңғы 3 жылдағы тұрғылықты жеріңізде тіркеуіңіз қажет. Бұл талаптың кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі азаматтарға қатысы жоқ;

4. өтініш берушінің тұрғын үйге мұқтаж топтардың біріне жататынын көрсету (мысалы, апатты тұрғын үйде тұратын ҰОС ардагерлері немесе әлеуметтік жағынан осал азаматтар). Егер жүйе мұндай ақпаратты таппаса, бірақ ақпарат тұруға тиіс болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша әкімдікке хабарласу керек;

5. жеке деректерді өңдеуге келісім беру;

6. өтінішке қол қою, жіберу және жауапты күту;

7. нәтиже сіздің жеке кабинетіңізге және тіркелген нөміріңізге SMS арқылы келеді.

Айта кетейік, өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады. Егер өтініш беруші тозығы жеткен үйде тұрса, онда сарапшының техникалық қорытындысының электронды көшірмесін өтінішке қоса тіркеу қажет, өтініш 3 күн ішінде қаралады.

Ал егер азаматтың өтініші қабылданбаса, ол туралы алдын ала хабарланады және оған сол шешімге пікірін білдіру мүмкіндігі беріліп, тыңдау тағайындалады.

Хабарламаның өзі мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 күн бұрын және хабарламаны алған күннен бастап 2 күннен кешіктірмей жіберіледі. Осыдан кейін азамат оң шешім немесе себебі көрсетілген бас тарту туралы хабарлама алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2239398-qazaqstanda-zhanga-erezhe-boiynsha-turgyn-ui-kezegine-qalai-turuga-bolady/