Қазақстанда қосылған құн салығы көтерілсе, пәтер бағасы қанша пайызға өсуі мүмкін
Жарияланған күні:

Жаңа Салық кодексіне сәйкес Қазақстанда қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16 пайызға дейін көтеріледі. Сарапшылар осыған байланысты жаңадан салынған тұрғын үйлердегі пәтер автоматты түрде 14 пайызға қымбаттайтынын болжап отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ .
Жақында мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексін екінші оқылымда мақұлдады. Енгізілген түзетулер бойынша қосылған құн салығының көтерілуі (ҚҚС) көзделіп отыр. ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болып қабылданды, бұған дейін тіпті 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсыныс айтылған болатын.
ҚҚС мөлшермелесінің 16 пайызға көтерілуі Қазақстанда бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін. "Крыша" порталының мәліметінше, баға көтерілсе ол жылжымайтын мүлік нарығына да әсер ететіні сөзсіз.
"Бастапқыда құрылыс компанияларын тұрғын үйді сату кезінде ҚҚС төлеуден босату жеңілдігі алынып тасталды. Ал ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі құрылыс саласындағылар үшін шығынның көбеюіне әкеп соғады. Бұл әсіресе маржасы төмен және эконом-класстағы жобаларға әсер етеді", - дейді сарапшылар.
Осылайша ҚҚС 16 пайызға көтерілсе, жаңа пәтердің бағасы автоматты түрде 14 пайызға артады, деп санайды мамандар. Жаңа тұрғын үйлерден кейін әдетте, қайталама нарықта да баға көтеріледі. Нәтижесінде қазақстандықтар үшін баспанаға қолжетімділік қайта төмендейді.
Айта кету керек, тұрғын үйді жалға беретін немесе жалға алатындар да бұдан зиян шегуі мүмкін. Өйткені, ұзақ мерзімді перспективада ҚҚС жаңа мөлшерлемесі жөндеу жұмыстары, жиһаз, тұрмыстық техниканың қымбаттауы сияқты жанама әсер беруі мүмкін.
Салық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес, тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, отандық баспаханалардың өнімдері, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін жекелеген тауарлар мен қызметтер ҚҚС-тан босатылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2241240-qazaqstanda-qosylgan-qun-salygy-koterilse-pater-bagasy-qansha-paiyzga-osui-mumkin/