Алатау бюджетінің қаражатын республикалық және өзге де бюджеттерге алуға тыйым салынады
Жарияланған күні:
Алатау аумағында арнайы салық нормаларының басымдығы енгізіледі, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар "Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші оқылымда мақұлданған конституциялық заң жобасы Алатаудың дербес, тұрақты және болжамды салық моделін қалыптастыруға негізделген. Атап айтқанда, қала аумағында арнайы салық нормаларының басымдығы бекітіледі.
"Ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2050 жылға дейін немесе қала бюджеті өзін-өзі толық қамтамасыз ету деңгейіне жеткенге дейін Алатау бюджетінің қаражатын республикалық және өзге де бюджеттерге алуға тыйым салынады.
Салықтық жеңілдіктер тек жаңа инвестициялық жобаларға ғана беріледі және олар жеңілдік шарттары мен инвесторлардың міндеттемелерін міндетті түрде жария етумен қатар жүреді. Мұндай тәсіл салық режимінің ашықтығын қамтамасыз етуге, оны экономикалық дамуға бағыттауға және бизнес тарапынан сенімді арттыруға бағытталған", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ заң жобасына сәйкес Алатау қаласының жергілікті бюджетін және мемлекеттік қор бюджетін қамтитын шоғырландырылған бюджет бекітіледі. Бұл тұтас әрі үйлесімді қаржылық модель құруға мүмкіндік береді. Жергілікті бюджет ағымдағы және әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз етуге бағытталса, мемлекеттік қор қаражаты инфрақұрылымды және ұзақ мерзімді даму жобаларын қаржыландыруға жұмсалады.
Сонымен қатар Алатауда халықаралық стандарттарды қолдануға және ұлттық заңнамада қарастырылмаған жаңа қызмет түрлерін реттеуге мүмкіндік беретін инновациялық режим енгізіледі. Лицензияларды беру жеделдетілген тәртіппен жүзеге асырылады, сондай-ақ инновациялық бизнесті жүргізу үшін жеке шарт қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2356734-alatau-biudzhetining-qarazhatyn-respublikalyq-zhane-ozge-de-biudzhetterge-aluga-tyiym-salynady/