1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет құны өсе ме
Жарияланған күні:
1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет құны өзгеруі мүмкін. Бүгін елде бағаны көтеруге қойылған мораторий аяқталады. Демек тарифке төлейтін теңгенің қымбаттауы ғажап емес, дейді "Астана" арнасы.
Бұған дейін коммуналдық тарифтердің бағасын көтеруге қатаң шектеу болды. Сонын арқасында жылу мен суға, электр қуатына төлейтін сома күрт өскен жоқ. Бұл қадам табысы төмен және орташа азаматтарға айтарлықтай қолдау болды. Міне, осы жеңілдік ертең аяқталады.
"Осыдан кейінгі кезекте табиғи монополия субъектілері қаралатын болады. Дегенмен тұрғындар үшін тарифтер бірқалыпты және теңгерімді болып жүзеге асады", - дейді ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев.
Халық мораторий аяқталған соң тариф бірден өсе ме деп алаңдайды. Бірақ жауаптылар ондайға жол бермейміз деп уәде берді. Баға өседі, бірақ бірден емес, кезең-кезеңімен көтеріледі. Күрт қымбаттау болмайды. Халыққа түсетін жүктеме минималды деңгейде сақталады.
Ең алдымен, жабдықтары ескірген, жиі ақау болатын, техникалық құралдары тозған аймақтарда тариф көтерілуі мүмкін. Демек төлемдегі өзгерісті бірінші солтүстік, шығыс және батыс өңірлері байқайды. Ақмола облысында да қордаланған мәселе көп.
"Жылу электр орталықтарының орташа тозу көрсеткіші 61 пайыздан 59 пайызға дейін төмендеді. Электр тарату желілерінде тозу көрсеткіші 67 пайыздан 66 пайызға дейін төмендеді және жылу желілерінде 52 пайыздан 50 пайызға дейін төмендеді", - дейді Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің басқарма басшысы Ғабиден Ғауанов.
Қалай болса да, баға бәрібір өседі. Коммуналдық қызмет құнын неге қазіргідей ұстап қала алмаймыз? Өйткені елде инфрақұрылымның тозуы жыл сайын 3-4 пайызға артып жатыр. Қазірдің өзінде желілердің 50 пайыздан астамы ескірген. Саладағы кадр тапшылығы тағы бар.
"Тарифтерді еркіндікке жіберсе, оларға инвестиция тарту мүмкіндігі артады. Неге? Себебі олар пайда табады да инвестицияның дивидендтеріне қайтарып беру мәселесі мүмкін болады. Ал егер олар тарифтерді төмен ұстайтын болса, пайда таба алмайды. Себебі өзіндік құны жоғары болып, сату бағасы аз болатын болса, тапшылық туындайды. Кейін үкіметтен субсидия сұрайды", - дейді экономист Сапарбай Жұбаев.
Ақпан айында Астана, Алматы, Ақтау мен өзге де қалалардың тұрғындары коммуналдық төлемдердің күрт көбейгеніне шағымданған еді. Артынан кейбір монополистер шектеуді ескермей құнды негізсіз өсіріп жібергені белгілі болды.
Биыл тұтынушылардан 700-ден аса арыз түсті. Енді тұрғындарға 14 миллирд теңге қайтарылуға тиіс.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2359633-1-sauirden-bastap-kommunaldyq-qyzmet-quny-ose-me/