Қазақстан Ресейдің "Дружба" құбырымен неге Германияға мұнай жеткізе алмайтыны белгілі болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ресей Федерациясы премьер-министрінің орынбасары Александр Новак "Дружба" мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнайды Германияға жеткізу неліктен тоқтатылатынын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.
Александр Новак келесі айдан бастап Қазақстан "Дружба" құбырымен Германияға мұнай жөнелте алмайтынын растады. Ресей вице-премьерінің айтуынша, бұл техникалық мүмкіндіктерге байланысты.
"1 мамырдан бастап "Дружба" құбыры арқылы бұрын Германияға тасымалданатын қазақстандық мұнай көлемі басқа логистикалық бағыттар арқылы жөнелтіледі. Бұл қазіргі таңдағы техникалық мүмкіндіктерге байланысты", - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Өңірлік экологиялық саммит кулуарында Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ресейдің Қазақстан мұнайын Германияға тасымалдауды тоқтататыны туралы ақпарат рас болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Мен бұл ақпаратты бейресми дереккөздерден алдым. Ресей Федерациясынан әлі ресми мәлімдеме болған жоқ. Бірақ бейресми дереккөздер арқылы біз оның рас екенін білеміз.
Мамырда бізде "Атырау-Самара" құбыры арқылы транзит, содан кейін "Дружба" құбыры, содан соң Шведт мұнай өңдеу зауытына транзит бар. Ресей тарабы, бейресми дереккөздерге сүйенсек, қазақстандық мұнайды жөнелтуге техникалық мүмкіндіктер жеткіліксіз деп мәлімдеп отыр. Бұл, ең алдымен, Ресей инфрақұрылымына жасалған соңғы шабуылдарға байланысты болуы мүмкін. Мен осылай болжап отырмын" - деп атап өтті Ақкенженов.
Ол әріптестерімен сөйлескенін және техникалық мүмкіндік мәселесі шешілгеннен кейін Қазақстан мұнайының транзиті қайта басталатынын атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2369088-qazaqstan-reseiding-druzhba-qubyrymen-nege-germaniiaga-munai-zhetkize-almaityny-belgili-boldy/