Ұлттық банк Қазақстанда базалық мөлшерлемені тағы да төмендетті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін, 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы шешімін жариялап, мөлшерлемені жылдық 15,75 пайызға дейін төмендеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында базалық мөлшерлеме жылдық 16,25 пайызға дейін төмендетілген еді.
Ұлттық банк бұл жолы базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендетуге не әсер еткенін түсіндірді.
Инфляция
Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция он екі ай бойы төмендеп, ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасы жағдайында 2026 жылғы қыркүйекте 9,3 пайыз болған.
Азық-түлік инфляциясы жеміс-жидек пен көкөніс мейлінше арзандап, ет бағасының өсу қарқыны баяулағанына байланысты 8,5 пайызға (9,5 пайыз) дейін төмендеген. Азық-түлікке жатпайтын инфляция ЖЖМ (жанар-жағармай) бағасының жылдық өсу қарқыны төмендегендіктен 11,0 пайызға (11,4 пайыз) дейін баяулаған. Қызметтер инфляциясы реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны жоғары болған кезде 8,9 пайыз деңгейінде сақталған.
Айлық инфляция қыркүйекте 0,6 пайыз (тамызда 0,6 пайыз), маусымдық факторлардан тазартылғанда 0,7 пайыз (0,9 пайыз) болған. Базалық инфляцияның маусымдық факторлардан тазартылған медианасы 0,7 пайыз деңгейінде қалған, бұл өз кезегінде баға қысымы сақталып отырғанын көрсетеді.
Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі қыркүйекте 11,8 пайызға дейін (тамызда 12,1 пайыз) төмендеген. Нарықтың кәсіби қатысушылары 2026 жылдың соңына инфляция бойынша күтуін өзгертіп, 10,0 пайыздан 9,5 пайызға дейін, 2027 жылға күтуін 8,3 пайызға дейін (тамызда 8,5 пайыз) төмендеткен.
Әлемдегі ахуал
Баспасөз хабарламасында сыртқы ортада инфляциялық тәуекелдердің сақталып отырғаны атап өтілді. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуал әлемде энергия көздері бағасының жоғары болып қалуына әсер етіп отырғаны айтылған. ФАО азық-түлік бағасының индексі қыркүйекте бір айда 1,5 пайызға және жылдық мәнде 5,8 пайызға ұлғайып, 136,0 тармаққа дейін көтерілген. Осы өсімге, көбіне, қолайсыз күн райы мен логистикалық шектеулерге байланысты дәнді дақылдардың, қант пен өсімдік майының қымбаттағаны түрткі болған.
Жаһандық монетарлық шарттар қатаңдап келеді. Қыркүйекте ЕОБ – мөлшерлемелерді биыл екінші рет, ал ФРЖ – 2023 жылдан бері алғаш рет көтерген. Ресей Банкі негізгі мөлшерлеме деңгейін сақтап, баға қысымы күшейгесін оны төмендету үрдісін тоқтатқан.
Ел экономикасы
Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, алдын ала деректер бойынша, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында ЖІӨ шикізатқа жатпайтын салалар – ең алдымен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік есебінен 4,2 пайызға өскен. Негізгі капиталға инвестиция 7,0 пайызға, ал шикізатқа жатпайтын секторға бағытталған инвестиция (бюджет қаражатын есепке алмағанда) 25,0 пайызға артқан.
"Тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқыны қалыпты арнаға түсуіне байланысты тұтыну көлемінің өсімі, жалпы алғанда, былтырғы деңгеймен салыстырғанда бәсеңдеді. Дегенмен фискалдық және квазифискалдық ынталандыру, сондай-ақ жоғары инвестициялық белсенділік ішкі сұраныстың жоғары деңгейде қалуын қамтамасыз етіп отыр", - делінген хабарламада.
Сын-қатер
Хабарламада ішкі тәуекелдер фискалдық және квазифискалдық ынталандыруға, инфляциялық күтудің жоғары болуына, ЖЖМ бағасы мен реттелетін тарифтердің динамикасына байланысты екені айтылған.
Сыртқы сын-қатерлер энергия көздері мен азық-түлікке әлемдік бағаның жоғары болуымен, сауда-серіктес елдерде инфляцияның қарқын алуымен және жаһандық қаржылық шарттардың қатаңдауымен негізделді.
Инфляцияға ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары, теңге бағамының оң динамикасы, сондай-ақ, өтімділікті, соның ішінде теңестіру операциялары мен минималды резервтік талаптарды арттыруды және тұтынушылық кредиттеуді реттеу шаралары бәсеңдетуші фактор ретінде ықпал етеді.
"Жылдық инфляция мен инфляциялық күтулердің үздіксіз баяулауы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Қабылданған шешім дезинфляция процесін орнықтыру және инфляцияны 2028 жылға қарай 5 пайыздық нысаналы мақсатқа қайтару үшін қажетті ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаң деңгейін сақтап қалады.
Сонымен бірге, баға қысымы әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Ал сын-қатер теңгерімі проинфляциялық жаққа қарай ауысқан. Жыл соңына қарай реттелетін тарифтер бойынша 2025 жылғы төмен база әсерінен жылдық инфляция біршама жеделдеуі мүмкін (2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы наурыздың соңына дейін ТКШ тарифтерін көтеруге мораторий қолданылып, 2025 жылғы 4-тоқсанда коммуналдық тарифтер 14 пайызға төмендеген еді)", - делінген хабарламада.
Алдағы болжам қандай
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, қазіргі тәуекелдер теңгерімін ескерсек, базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен. Мөлшерлемені одан әрі төмендету мәселесі баға қысымының орнықты бәсеңдеуіне байланысты болады. Бұдан кейінгі шешімдер инфляция динамикасы, инфляциялық күтулер мен тәуекелдер теңгерімінің өзгеруіне қарай қабылданады.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2447016-qazaqstandagy-bazalyq-molsherleme-ulttyq-bank-zhanga-sheshim-qabyldady/