Қазақстанда жүргізушілерге жылдамдықты арттырғаны үшін салынатын айыппұл екі есе өсті
Опубликовано:

Енді Қазақстанда автокөлік жылдамдығын сағатына 60 шақырым және одан да жоғары арттырып жібергендерге де айыппұл салынады. Ережені екінші мәрте бұзғандар 40 АЕК және 60 АЕК көлемінде пұл төлейді. KAZ.NUR.KZ заңнамадағы соны өзгерістерді түсіндіреді.
Көлік жүргізушілерге жылдамдықты арттырғаны үшін салынатын айыппұл екі есе өсті
Қазақстанда жылдамдықты арттырғандарға салынатын айыппұл көлемі өсуі мүмкін екені екі жылдан астам уақыт бұрын айтыла бастаған. 2024 жылғы 3 қазанда осындай тәртіпті реттейтін заңға қол қойылды. Ал бүгін, 4 желтоқсанда, заң күшіне енді.
Құжатта жаңадан енгізілген жол ережесін бұзғандарға қанша айыппұл салынатыны жазылды: жылдамдықты сағатына 60 шақырым және одан да жоғары асырып жіберіп, ереже бұзғандар 40 айлық есептік көрсеткіш немесе 147 680 теңге (2024 жыл үшін) айыппұл төлейді. Бір жылдың ішінде ережені тағы бұзғандарға 60 АЕК немесе 221 520 теңге әкімшілік айыппұл салынады.
Көлік жылдамдығына қатысты басқа да ұсақ заңбұзушылықтар үшін айыппұл көлемі бұрынғысынша қалады.
Сонымен Әкімшілік кодекстің 592-бабында ол туралы былай деп жазылған:
- 10-20 км/с – 5 АЕК немесе 18 460 теңге;
- 20-40 км/с – 10 АЕК немесе 36 920 теңге;
- 40-60 км/с – 20 АЕК немесе 73 840 теңге.
- Жылдамдықты екінші мәрте 20-60 км/с арттырғаны үшін 30 АЕК-ге дейін (110 760 теңге) айыппұл салынады.
Есіңізге салайық, бүгінге дейін автокөлік жүргізушілер дәл осы заңбұзушылықтар үшін айыппұл төлеп келген. Осылайша көлік жылдамдығын барынша арттырғандарға салынатын айыппұл көлемі екі есе артып отыр.
Айта кетерлік жайт, 2025 жылы АЕК көлемі 6,5 пайызға өседі, яғни айыппұл да артады деген сөз.
Бұған қоса, бүгіннен бастап автокөлік қозғалысының орташа жылдамдығын тіркеу және анықтау туралы ережеге енгізілген өзгерістер де күшіне енді. Ол қалааралық және республикалық маңызы бар жолдарға тіркеледі. Ал осы жолдарда жылдамдықты асырып жібергендер жоғары көрсетілген айыппұлдарды төлейді.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2195846-avtokolik-zhurgizushilerge-zhyldamdyqty-arttyrgany-ushin-salynatyn-aiyppul-eki-ese-osti/