"Жұртты жаңылыстырады": Алматы полициясы айыппұл төлеуге қатысты күмәнді кеңестер туралы үндеу жасады
Жарияланған күні:

Әлеуметтік желіде айыппұл төлеу ережелеріне қатысты жұртты жаңылыстыратын күмәнді кеңестер көбейген. Осыған байланысты, Алматы полициясының өкілі Қазақстан заңнамасында көзделген механизмді түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қалалық полиция департаментінің желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 62-бабының талаптарына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі екі айды құрайды.
Автоматты есепке алу жүйелері әкімшілік құқық бұзушылықты тіркесе, айыппұлды төлеу қажеттігі туралы ұйғарым жіберілген кезден бастап іс қозғалған болып есептеледі.
Құқық бұзушылық туралы смс-хабарлама айыппұлды төлеу қажеттігі туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің "Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі" ақпараттық жүйесімен автоматты түрде жіберіледі", - делінген полиция хабарламасында.
Хабарламада құқық бұзушы тиісті түрде хабардар етілген соң айыппұлды төлеу туралы ұйғарым міндетті түрде орындалу керектігі айтылған.
"Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 811-бабының ережелеріне сәйкес, айыппұлды төлеу қажеттігі туралы ұйғарым тиісті түрде жеткізілген сәттен бастап, азамат жеті күннің ішінде, көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде төлеуге құқылы.
Әкімшілік айыппұлдың мөлшері әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткішке сәйкес келеді.
Айыппұлды төлеу туралы ұйғарым бұзушылық тіркелген күннен бастап 10 күн ішінде көлік құралының иесіне белгіленген үлгідегі түбіртекпен жіберілетіні туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын айта кету керек", - делінген хабарламада.
Полиция өкілдері осы жағдайда кейбір азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 822-бабының талаптарын қате түсіндіріп жатқанын еске салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2216603-zhurtty-zhangylystyrady-almaty-politsiiasy-aiyppul-toleuge-qatysty-kumandi-kengester-turaly-undeu-zhasady/