"Үкімет басқа да ұсыныстарды зерделеуі керек": депутат қосылған құн салығы туралы пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Бейсенғалиев қосымша құн салығын көтеру туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, үкімет басқа да тәсілдерді зерделеуі керек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде депутатқа осы саланың сарапшыларынан, білікті экономистерден, ірі бизнес қауымдастықтардан және саяси партиялардан нақты әрі жүйелі ұсыныстар түскен. Ол бизнес өкілдерінің осыған қатысты талап-тілектерін жеткізді.
"Үкімет ҚҚС-ты бір мезгілде көтеріп, оның шегін азайтуды ұсынып отыр. Бұл ретте есепке алынбаған ҚҚС айналым салығына айналуы мүмкін, ал барлық сома тауардың өзіндік құнына қосылып, түпкілікті тұтынушы үшін қосымша қаржылық ауыртпалық болады. Сондай-ақ бизнестің бұдан да бетер бөлшектеніп, көлеңкелі жолға түсу ықтималдығы жоғары", - деді депутат Бейсенғалиев.
Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін көтеру туралы бастамасына қатысты депутат өз ойын қосты.
- үкімет бұл мәселені басқа да тәсілдер мен ұсыныстарды зерделей отырып, кешенді түрде қарауы қажет;
- талқыланатын жаңа Салық кодексінің жобасында ел бюджетіндегі қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, олардың мақсатқа сәйкестігі қаралуға тиіс жеңілдіктер бар;
- халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілері үшін бөлшек салық режимінің сақталуын ескере отырып, шекті деңгей әлі талқылауды қажет етеді деп есептейміз;
- Салық әкімшілігі жұмысын жетілдіріп, салық төлеуден жалтарумен күресті күшейту қажет. Мұның бәрі бюджетті толықтыруға жан-жақты әсер етеді.
"Яғни, біз бизнеске зияны тимейтіндей мөлшерде салық салуымыз керек. Үкіметтің бюджетті толтыру үшін қажет деп санағанындай емес.
Жоғарыда айтылғандарды есепке ала отыра, салық мөлшерлемесін көтеру жөніндегі мемлекеттік бастамаларды мәжіліске енгізу кезінде біздің ұсыныстарымыз бен амалдарымызды ескеруді сұраймыз", - деді Бейсенғалиев.
Еске сала кетейік, 28 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс берушілер үшін әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төмендетіп, ҚҚС-ты көтеруді ұсынды.
Ал үкіметте өткен брифингте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ҚҚС көтерілгеннен кейін Қазақстанда азық-түлік пен басқа да тауарлар сөзсіз қымбаттайтынын айтқан еді.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ҚҚС-ты көтеру жоспары туралы айта келе, жаңа мөлшерлеме әлі анықталмағанын, бірақ 16-20 пайыздық мөлшерлеме аясында болатыны талқыланып жатқанын айтты.
Сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов сенат кулуарында қосылған құн салығы көтерілгеннен кейін инфляцияны қалай тежеуге болатыны туралы айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2218163-ukimet-basqa-da-usynystardy-zerdeleui-kerek-deputat-qosylgan-qun-salygy-turaly-pikir-bildirdi/