Еуропада Temu маркетплейсін бақылау күшейді
Жарияланған күні:

Тауарларының құны төмендігімен танымал болған қытайлық Temu маркетплейсінің ықтимал қауіпті немесе заңсыз тауарларды онлайн сатуы еуропалық сарапшыларды алаңдатып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақпан айының басында батыс БАҚ-тарында Еуроодақ шетелдік маркетплейстердің бірқатарына қатысты жаңа ереже енгізуге ниетті екені туралы жаңалық шықты, оның тізіміне Temu де енді. Осылайша маркетплейстер Қытайдан келетін импорт ағынындағы қауіпті немесе заңсыз өнімдермен күрес аясында жауапкершілікті өз мойнына алады, деп хабарлайды Financial Times.
Басылым жаңа ережелер жобасынан мәлімет келтірген, оған сәйкес онлайн-платформалар лауазымды тұлғалар сәлемдемелерді бұдан да мұқият бақылап, тексере алуы үшін ЕО-ға келетін тауарлар туралы деректерді ұсынуға міндеттеледі.
Мақалада қауіпті, контрафактілік немесе талаптарға сай келмейтін тауарлар тұтынушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына айтарлықтай қатер төндіретіні, қоршаған ортаға жағымсыз әсер қалдыратыны және заңды бизнеске адал емес бәсеке туғызатыны айтылған құжат дәйексөзі келтірілген.
Осы себепті, реформаларға сәйкес, баж салығы мен ҚҚС жинау қажет болады, сондай-ақ тауарларды ЕО-ның басқа да талаптарына сәйкестігін тексеру қажеттілігі туындайды. Ал құны 150 еуродан төмен тауарлар бойынша баж салығынан босату жөніндегі қазіргі шартты алып тастау ұсынылып отыр, деп хабарлайды Financial Times.
Айта кетсек, былтырғы күзде Еуроодақ қытайлық Temu маркетплейсіне қатысты заңсыз тауарларды сатуды тоқтата алмау қаупі аясында ресми тергеу жүргізуді бастаған еді.
The Guardian Еурокомиссия PDD Holdings-ке тиесілі платформа Цифрлық қызметтер туралы заңды бұзады деп мәлімдеген. Олардың ішінде Temu-дің "бұрын шеттетілген алаяқ-саудагерлердің" қайта пайда болуын тоқтата алатын сенімді жүйелері жоқ екеніне алаңдаушылық туған. Ал олардың тауарлары өшірілгеннен кейін бірнеше күн өткенде қайта пайда болып отырған.
Контрафактілік өнімдердің, фармацевтикалық препараттардың, косметика мен ойыншықтардың сатылуы алаңдаушылық туғызып отыр. Германия, Дания және Ирландия бұл мәселеге ерекше назар аударды. Сонымен қатар Еуропада тауарларды тексерудің тиімді шараларының жоқтығы ғана емес, сонымен бірге "ойын сыйақыларымен" жүргізілетін агрессиялық сату тактикасы да алаңдаушылық туғызып отыр, деп жазады The Guardian.
Басылымның мәліметінше, егер компания Цифрлық қызметтер туралы заңды (DSA) бұзғаны анықталса, оған қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Ал Bloomberg басылымы Temu компаниясының өкілінің пікірін келтірген. Мәліметке қарағанда, "компания реттеуші органдармен толық ынтымақтастықта жұмыс істеп, DSA (Цифрлық қызметтер туралы заң – ред. ескертпесі) аясындағы міндеттемелерін орындауға байыппен қарайды, сондай-ақ сәйкестік жүйесін нығайтуға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға үнемі инвестиция құйып отырады".
Компания интернеттегі контрафактілік өнімдерді сатуға қарсы күрес бойынша да Еурокомиссия қолдайтын ерікті келісімге қосылу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bloomberg.
Айта кетейік, Қазақстанда да азаматтарды шетелдік маркетплейстерден сапасыз тауарлар сатып алудан қорғау мәселесі көтеріліп жүр. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл заң аясында маркетплейстер Қазақстан нарығында сауда жасайтын компаниялармен теңестіріледі. Осылайша, маркетплейстердегі соңғы сатушының ұсынылатын өнім үшін заңды жауапкершілігі енгізілмек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2218353-europada-temu-marketpleisin-baqylau-kusheidi/