Қаржы

Зектілері

Сенатор ұлттық экономика министрінен ҚҚС көтерілсе, облыс бюджеті қандай шығынға ұшырайтынын сұрады

Жарияланған күні:

Салық
Салық. Көрнекі фото: pexels.com

Сенат отырысында депутат Бекболат Орынбеков қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру жоспарына қатысты мәселені көтерді. Сенатор Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғариннен сол ұсынысқа сай әлеуметтік салық алып тасталса, облыстық бюджет қандай шығынға ұшырайтынын сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеруді және әлеуметтік салықты алып тастауды қарастырып жатыр. Алайда бұл салық – жергілікті бюджеттердің негізгі кіріс көзі. Бюджет кодексіндегі бөлу нормативтеріне сәйкес, әлеуметтік салық облыстық және аудандық бюджетте қалды. Ал кей корпоративті және жеке табыс салықтары үшінші, төртінші деңгейге беріліп отыр. Бұл қаншалықты орынды деген мәселе депутаттар арасында талқыға салынған. Егер әлеуметтік салық жойылатынын ескерсек, онда қандай кіріс көздері облыс бюджетіне қалады?

Аймақтар бұл жоғалған кірісті қалай өтейді? Облыстық бюджеттер қандай шығынға ұшырайды? Бұл сұрақтың жауабын тек сенатта ғана емес, өңірлерде де күтіп отыр", - деді депутат.

Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, қазіргі уақытта әлі шешім қабылданған жоқ.

"ҚҚС мөлшерлемесінің деңгейі қандай болатыны әлі белгісіз. Өздеріңіз көргендей, облыстық бюджетте тек әлеуметтік салық қалды, қалғандарын үшінші, төртінші деңгейге бердік. Сол себепті мүмкін, еңбекақы төлеу қорынан, басқа төлемдерді алып тастаймыз деген ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ нақты айтсам, қазіргі облыстардың шығыны – 1,6 трлн теңге. Үкімет бюджетінің кірісі – 5-7 трлн болады. Сол себепті толығымен жергілікті бюджеттерге субвенция беруге қаражат жетеді. Шешім әлі қабылданбады. Қазіргі уақытта қорқынышты жағдай жоқ. Бірақ ертең облыстық бюджетте қаражат жетпесе бізде жалпы сипаттағы трансферттерді бөлуге осы жылы тағы үш цикл басталады. Онда әрине, біз жағдайын қараймыз, субвенция бөлеміз", - деді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2218434-senator-ulttyq-ekonomika-ministrinen-qqs-koterilse-oblys-biudzheti-qandai-shygynga-ushyraitynyn-surady/