Миллиондаған доллар: Өзбекстанда Temu-дан салықты түгел төлеу талап етілді
Жарияланған күні:

Өзбекстанда қытайлық маркетплейс Temu-дың 46 миллиард сом (шамамен 3,5 миллион доллар) көлеміндегі салықты төлемегені хабарланды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Uznews.uz басылымының хабарлауынша, сәуірдің басында Өзбекстанның Салық комитеті төрағасының орынбасары Мубин Мирзаев баспасөз мәслихатында Temu маркетплейсінің қызметінен алынбай қалған салықтар туралы мәлімдеме жасады.
Алдын ала есептеулер бойынша, сома 46 миллиард сомға жеткен: яғни, қытайлық маркетплейс Өзбекстан қазынасына 3,5 миллион доллар қосымша төлем жасауы керек. Осылайша көрші елдің Салық комитеті тиісті талап қойып отыр.
Сонымен қатар Мирзаев Temu компаниясы барлық салықты төлесе, Өзбекстанда өз қызметін заңдастыру мүмкіндігіне ие болатынын атап өтті.
Еске салайық, 2025 жылғы 20 наурызда Өзбекстанда Temu жергілікті заңнаманы сақтамағаны үшін бұғатталған еді. Бұған қоса, билік ел азаматтарын Қытай маркетплейсінен жаңа тапсырыстар жасаудан бас тартуға шақырған болатын.
Айта кетейік, қазақстандық депутаттар да шетелдік маркетплейстерден алынбай қалған салықтар мәселесін көтерді. Қазақстан Республикасының премьер-министрінің орынбасары – экономика министрі Серік Жұманғаринге жолданған сауалында депутат Азат Перуашев шетелдік алаңдар елге төленуі керек болған салықтардан 2,5 есе аз салық төлегенін айтқан. "Ақ жол" фракциясының депутаттары келтірген мәліметтерге сәйкес, маркетплейстер 12% ҚҚС төлемей, бар болғаны 4,8% төлеген.
"Ақ жол" фракциясының шетелдік маркетплейстерден Қазақстан тұтынушыларынан алған табыстарынан салық төлеуді міндеттеу ұсынысына Үкімет олардың 83 миллиард теңгеден астам салық төлегенін айтады. Алайда бұл сома үш жыл ішінде (2022-2024 жылдар) төленген. Егер жылдық көрсеткіштерді қарасақ, мысалы, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер 24,3 миллиард теңге салық төлеген.
Ал ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, қазақстандықтар шетелдік интернет-дүкендерден сатып алған тауарлардың жалпы сомасы сол жылы 1 миллиард 104 миллион АҚШ долларына немесе бағам бойынша 505 миллиард теңгеге тең болған. Бірақ 505 миллиард теңгенің 24 миллиард теңгесі 12% (ҚҚС төлеу кезінде жасалуы керек жағдайда) емес, тек 4,8% болған. Шын мәнінде, 500 миллиард теңгеден ҚҚС 24 миллиард теңге емес, 60 миллиард теңге болуға тиіс еді", - делінген Перуашевтің сауалында.
"Ақ жол" фракциясының депутаты 2023 жылдың ішінде шетелдік маркетплейстерден алынбай қалған ҚҚС сомасы 36 миллиард теңгеге жеткенін айтып отыр. Ол мұндай жағдайда бюджет шығындары тек арта береді деп болжады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/fines-and-taxes/2234121-milliondagan-dollar-ozbekstanda-temu-dan-salyqty-tugel-toleu-talap-etildi/