Қаржы

Зектілері

2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған қанша отбасы кедейлік жағдайынан шықты

Жарияланған күні:

Қазақстан Республикасының купюралары
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазіргі уақытта қанша қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алады, алушылар арасындағы көп балалы отбасылардың үлесі қанша пайызды құрайды және шартсыз ақшалай көмектің шартты көмектен айырмашылығы неде екендігін KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыздар.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 73,4 мың отбасыға (389,1 адам) атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетілді. Төлемдердің жалпы сомасы 29,8 млрд теңгені құрайды. Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары азайып келе жатқандығын айта кеткен жөн. Мәселен, 2023 жылы 114,1 мың отбасындағы 598,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көп бөлігі Түркістан облысында – 14,9 мың отбасы (20,3%), Шымкент қаласында – 8,2 мың отбасы (11,3%), Қызылорда облысында – 6,0 мың отбасы (8,3%), Алматы облысында – 5,8 мың отбасы (8,0%), Жамбыл облысында – 5,5 мың отбасы (7,5%), Жетісу облысында – 5,1 мың отбасы (7,0%) байқалады.

АӘК алушылар құрылымында басым көпшілігі балалар үлесіне тиесілі – 67,2% немесе 261,4 мың адам, 13,9% немесе 54,0 мың адам – жұмыс істейтін азаматтар; 12,5% немесе 48,8 мың адам – балаларды, қарт адамдарды, мүгедектігі бар адамдарды күтетін азаматтар.

Көмек алатын отбасылардың ішінде көп балалы отбасылар саны 49,3% (36201 көп балалы отбасы). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға жоғары (46,4%).

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 60 341 отбасы кедейшілік жағдайынан шықты. Бұл отбасылар биыл АӘК алуға өтініш бермеді.

АӘК туралы тағы да не білу керек

Елімізде атаулы әлеуметтік көмекті ҚР азаматтары, ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар, босқындар мен қандастар ала алады. АӘК объективті жағдайларға байланысты өзін және жақындарын өз бетімен қамтамасыз ете алмайтын аз қамтылған адамдарды қолдауға бағытталған.

АӘК жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен ҚР халқының жоғарыда аталған санаттарына тағайындалады.

Жан басына шаққандағы орташа табыс – бұл отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі. Кедейлік шегі – ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде белгіленген бір адамға шаққандағы ақшалай кірістің шекті ең төмен шамасы.

Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты көмек екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты. Шартсыз ақшалай көмек көрсетіледі:

  • Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті немесе жалғыз тұратын аз қамтылған адамдарға: зейнеткерлік жасқа жетуімен; бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік; екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін аурудың болуы.
  • Құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға көрсетіледі.

Шартты ақшалай көмек жалғызілікті не жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар табысы аз отбасыларға көрсетіледі. Еңбекке қабілетті мүше үшін белгілі бір жеңілдіктер бар: оған жұмыс табуға, білім алуға немесе өз ісін ашуға көмектеседі.

АӘК бойынша тағайындалған сомаға ай сайынғы негізде бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша төлем төленеді. Оның мөлшері 2024 жылы – 5 538 теңге (3 692 * 1,5 АЕК).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2175968-2023-zhyly-atauly-aleumettik-komek-algan-qansha-otbasy-kedeilik-zhagdaiynan-shyqty/