Атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәсілдері қалай өзгереді
Жарияланған күні:

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесіне өзгерістер енгізу жұмыстарын талқылап жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Биылғы ақпанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында республикамызда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету механизмдерін қайта қарау қажет екенін айты.
"Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс", - деді Тоқаев.
Атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігінің жеткіліксіздігі Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында көрсетілген.
"Бүгінгі күні Қазақстанда кедейлік проблемаларын шешу үшін азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек ұсынылады, бұл көмектің мұқтаждықты бағалау процесіне байланысты, оның ішінде мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің жеткіліксіз интеграциялануы салдарынан азаматтардың табыстары туралы толық ақпараттың болмауына, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың ақпараттық жүйелерін әлеуметтік көмек алуға кедергі келтіретін факторларға байланысты бөлігінде бірқатар кемшіліктері бар", - делінген құжатта.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалатынын ашып түсіндірді. АӘК беру механизмдерін өзгерту барысында цифрлық отбасы картасының ресурстарын, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану жоспарлануда.
Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп АӘК тағайындауға үміткер қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігін пысықтап жатқанын хабарлады. Шығындардың келесідей түрлерін (салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді және сақтандыру төлемдерін қоспағанда) қарастыру жоспарлануда:
- жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға;
- оқу ақысы мен қосымша білім алуға;
- денсаулықты жақсартуға;
- жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға;
- несиелерді өтеуге;
- басқа да шығындар.
Ұсынылып отырған алгоритм АӘК тағайындауға өтініш берген азаматтарға олардың кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алу үшін SMS-хабарлама жіберуді көздейді. Министрліктің хабарлауынша, бұл банктік құпияны ашу және үшінші тұлғаларға ақпаратқа қол жеткізуге қатысты емес. Тексерулер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен автоматты түрде жүргізілетін болады
АӘК тағайындау тетігіндегі алдағы өзгерістер шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нысаналы қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Атап өту керек, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 73,4 мың отбасыға (389,1мың азаматқа) атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Төлемдердің жалпы сомасы 29,8 млрд теңгені құрайды. АӘК алушылардың саны жыл сайын азайып келе жатқанын ескерген жөн. Мысалы, 2023 жылдың соңында 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам), 2022 жылдың соңында 141,5 отбасы (728,6 мың адам) төлем алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2181212-atauly-aleumettik-komek-korsetu-tasilderi-qalai-ozgeredi/