Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 5 млн теңгеден беру жоспарланып отыр
Жарияланған күні:

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсету жоспарланып отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрлік ресми сайтында келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстанда 2025 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлы Отан соғысының (бұдан әрі – ҰОС) 120 ардагері, сондай-ақ ҰОС жеңісіне үлес қосқан 42 545 азамат тұрады.
Олардың ішінде:
- қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 67 адам;
- концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 139 адам;
- ҰОС кезінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 743 адам;
- ҰОС-та қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам;
- тыл еңбеккерлері – 41 594 адам.
"Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ақпараты бойынша Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне биыл 120 ҰОС ардагерінің әрқайсысына 5 млн теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҰОС қатысушылары үшін зейнетақыларды ескере отырып, ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 262 334 теңгені және ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 279 330 теңгені құраған.
"Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2214728-zhengis-kunine-orai-uly-otan-sogysy-ardagerlerine-5-mln-tenggeden-beru-zhosparlanyp-otyr/