Қаржы

Зектілері

Табысы аз қазақстандықтарға мемлекеттен қандай көмек беріледі

Жарияланған күні:

Читать на русском
Тиын санап отырған әйел
Тиын санап отырған әйел. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

2024 жылы табысы төмен 41,2 мың адамға тұрғын үй көмегі көрсетілді. Ал 413,7 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алды. Мемлекеттік қолдау туралы толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Қазақстанда қаржылық жағдайы қиын жандар баршылық – олардың жан басына шаққандағы орташа табысы тым аз, ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Соңғы мәліметтер бойынша мұндай азаматтардың саны 1 миллионнан асты.

Бұл ретте Қазақстанда табысы жеткілікті емес азаматтарға түрлі қолдау шарасы қарастырылған. Атап айтқанда, оларға атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегі көрсетіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2024 жылы тұрғын үй көмегі 17,5 мың отбасына немесе 41,2 мың адамға берілген, оның жалпы сомасы 592 млн теңге. Ал биыл 41,9 мың адамға тағы 1,5 млрд теңге бөлінді.

Айта кетейік, тұрғын үй көмегі коммуналдық қызметтерге және тұрғын үйді күтіп ұстауға жұмсалған шығыны жалпы табысының 10 пайызынан асатын отбасыларға тағайындалады. Оны жергілікті бюджеттер есебінен әлеуметтік жағдайына қарамастан, бір ғана үйі немесе пәтері болған азаматтар ала алады.

Жекелеген санаттағы азаматтарға коммуналдық қызметтерді төлеуге немесе қатты отын сатып алуға қосымша әлеуметтік төлем тағайындалады. 2024 жылы мұндай төлемді 181,2 мың адам алған, әлеуметтік көмектің жалпы көлемі 5,3 млрд теңге болды. 2025 жылы бұл мақсатқа 2,6 млрд теңге бөлінді, яғни, 193,7 мың қазақстандыққа беріледі.

Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін және оған өтінім беру мерзімін жергілікті атқарушы органдар белгілейді және бекітеді.

Айта кетейік, қазақстандықтар бір мезгілде тұрғын үй көмегін де, әлеуметтік көмекті де ала алады, бірақ әлеуметтік көмек еліміздің кейбір аймағында әлі берілмейді.

Сондай-ақ Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетіледі. Ол отбасының әр мүшесінің жан басына шаққандағы жиынтық орташа табысы кедейлік шегіне жетпеген (медиандық табыстың 35 пайызы) аз қамтылған отбасыларға тағайындалады.

2024 жылы 78,1 мың отбасы немесе 413,7 мың адам жалпы сомасы 39,5 млрд теңге болатын АӘК алды. Биыл 1 млн адамға 132,9 млрд теңгеден астам төлем қарастырылған.

АӘК алуға өтініш беру үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша мансап орталығына немесе ауылдық округ әкіміне, ал тұрғын үй көмегін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) жүгіну қажет. Екі жағдайда да Электронды үкімет порталы арқылы өтініш беруге болады.

Еске сала кетейік, атаулы әлеуметтік көмек аясында отбасылар мектепке дейінгі жастағы балалары болса, қосымша төлемдер алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/pension/2214920-tabysy-az-qazaqstandyqtarga-memleketten-qandai-komek-beriledi/